Түсіме  кіріп  Жалайыр  бабам,

Ұсынып  алтын  жебені

-«Мұқалмас  қару  жарағың,  балам,

Нысанаң  болса!» - деп  еді.

 

Құп  алып  сөзін,  жұлдызға,  көкте

Шіредім  садақ,  мақтана.

Жығылды  жебем  құрдымға  жетпей,

Сүрініп  көрші  қақпаға.

 

Бірінші  сында-ақ  сорладың  деме.

Қираған  жоқ  қой  аспаным.

Арманды  көздеп  жолдадым  жебе,

Межеден  ол  да  аспады.

 

Қылыштай  тіліп  адырна  қолды,

Тартсам  да  талай  құлшынып,

Мергендік  маған  дарымай  қойды

Нысана  тұрды  қырсығып.

 

Жүрсе  де  тағдыр  жарытпай  кілең,

Қашса  да  бақыт  қолдағы,

Садақ  тартудан  жалықпаймын  мен,

Нысанам  болса  болғаны.