Долы  ақ  еді,

                      ат  үркер  ашуынан,

Туырлықты  турайтын  ашып  ылаң.

Жібімейтін  құшақтың  қызуына,

Шәует  шошып  қашатын  жатырынан.

 

Қара  жұққан  пеиілі  бір  ағармай,

Жасамаған  жалғанда  кұнә  қалмай,

Арамызда  жүретін  долы  мыстан,

Бай  алмаған  қатынды  құдай  алмай.

 

Маңайынан  үркітіп  жат,

                                              жаранды,

Маңдайымен  бұзатын  тас  қамалды.

Неге  сонша  жасқаншақ  жігіт  үшін,

Жаны  жылап,

                       жанарын  жасқа  малды.

 

Қалған  жанды  сезімнің  қыспағында,

Құдіретің  жете  ме  құтқаруға.

Махаббаттың  дертіне  душар  болса,

Жылайды  екен  мүттәйім  мыстаның  да.

 

 

          ***

 

Тағдырым  олжа  бөліп,

Тап  болып  тұтқиылдан,

Бір  тәулік  қалған  едім,

Сезімнің  тұтқынында.

 

Құштарлық  уысында,

Қалдым  да  есеңгіреп,

Ұмтылдым  ұмытуға,

Бірінші  дүйсенбіден.

 

Сен  тұрдың  сәл  жымиып,

Үлпілдеп  «өртенгірің».

Қайтадан  қалдым  ұйып,

Сәтінде  сәрсенбінің.

 

Жаныма  бүлік  құйдың,

Қаныма  от – жалынды.

Қалайша  бұзып  кірдің

Құпия  КОДтарымды.

 

Көңілде  көнерсе  де,

Намазы  бесіндінің,

Арбалып  көлеңкеңе,

Өтетін  секілдімін.

 

Сезімнің  құтханасы,

Жанымнан  жырақтама,

Бір  өзің  құптамасаң,

Енбеймін  жұмаққа  да.

 

 

               ***

 

Күркірі  көк  аспанның  өктем  неткен,

Нөсер  боп  төгіледі  көктем  көктен.

Есуас  қиял  кезіп  кеңістікті,

Қақаған  қыс  бораны  естен  кеткен.

 

Оянған  өзендерде  сең  бұзылып,

Құйқасын  шымырлатты  жер  қызынып.

Құлағын  шыңылдатып  тыныштықтың,

Қытықтап  құпияңды  келді  қызық.

 

Көмейде  лүпілдетіп  құстар  әнін,

Қайғыдан  қапалыны  құтқарамын.

Жеткізем  Мәди  жырын  кереңдерге,

Шығып  ап  биігіне  Үшқараның.

 

 

                   ***

 

Шошыған  жандай  түсінен,

Сап  тиып  түнгі  күлкімді,

Тынысын  тартып  ішіне,

Табиғат  тылсым  күрсінді.

 

Миыма  маза  бермеген,

Жаңғырық  жаулап  түн  ішін,

Сапырды  қуыс  кеудеде,

Жаураған  жаздың  үмітін.

 

Бұлттардың  қатып  қабағы,

Жапырақ  жалын  өртеді.

Аспанның  алып  шанағы,

Қорқыттың  күйін  шертеді.

 

Еріншек  аспан  есінеп,

Піседі  күздің  күбісін.

Бозарған  айдың  бетінен,

Үзілді  тамшы.

                        Кім  үшін?