Ай  болды  бабам  аттан  түспегелі,

Ас  қылып  алты  малта  ішпегелі.

Батырдың  мұз  құрсанған  балағынан,

Өліара  өлекшіндей  тістеледі.

 

Қорғаштап  тұлпар  ізі  түскен  жерді,

Тау-тасты,  қымыз  бұлақ,  сүт  көлдерді.

Осы  еді  оралғаны  ордасына,

Тойтарып  сұғанақ  қол,

                                       сұқ  көздерді.

 

Бір  күндік  тыныштығын  мыңға  балап,

Найзасын  есік  алды  қырға  қадап,

Босатып  бадана  көз  кіреукесін,

Ұйқыға  беріліпті  бір  ғаламат.

 

Сойылын  сайға  тастап  томар  басты,

Осылай  бір  жорығын  тамамдапты.

Өліара – алты  тәулік  өткенінше,

Ұйқыдан  батыр  бабам  оянбапты.

 

Атқанда  жетінші  күн  таранып  таң,

Табиғат  үлгеріпті  жаңарып  та.

Бабамыз  есеңгіреп  тұрған  екен,

Жанардың  жауын  алған  ғажайыптан.

 

--Япырау,  мынау  неткен  келісті  күн,

Құлпырып  кеткен  бәрі  жер  үстінің.

Күркіреп  түстігінде  жасын  ойнап,

Тұнып  тұр  жасыл  нұрға  терістігің.

 

Жас  шыбық  тойлағандай  құмар  шағын,

Алыпты  жапырақтан  тұмар  тағып.

Қар  еріп,  қапталынан  тамшы  құлап,

Шапқыдап  сайда  бұлақ  ұран  салып

 

Көгертіп  көсегесін  күн  жарықтық,

Жауқазын  гүлге  толып  ырғалып  қыр,

Сайдағы  сойыл  томар  тамыр  тартып,

Найзаның  сабы  көктеп  бұр  жарып  тұр. 

 

Оятып  бойындағы  бар  шабытты,

Бабамыз  жаңа  күнді  қарсы  алыпты.

Мынау  күн  жаңа  өмірдің  басы  екен – деп,

Ұлысқа  Ұран  тастап,  жар  салыпты.

 

--Жазбасын  ниетімді  ел  кесірге,

Арғымақ  дамылдасын  кермесінде,

Тоқтасын  жорық  біткен,  соғыс  біткен,

Орнасын  бейбіт  өмір  жер  бетінде.

 

Жалаудай  желбіресін  бұла  таңым,

Батырлық  кімге  керек  құр  атағың.

Жер  шарын  алақанда  аялайық,

Барлық  ұлт,  баласындай  бір  атаның.

 

Пейілдер  жақсылықтан  түңілмесін,

Көмкерсін  жас  отаудың  гүл  іргесін.

Қарттарым  төсегінде  күрсінбесін,

Сәбилер  бесігінде  күлімдесін.

 

Шашырап  шапағаты  күн  шуақтың,

Бұлақтың  көзі  ашылсын, 

                                         ыршып  ақсын.

Кешіріп  бірін  бірі  өкпелілер,

Мынау  күн  болсын  күні  ынтымақтың!!!

 

Ұиялап  көңілінде  бірақ  арман

Бабамыз  тәңірінен  сұрап  алған,

Бірліктің,

              ынтымақтың  мерекесі,

Ұлыстың  Ұлы  күні  мұра  қалған.