Тумағам  бір  атадан,

                                    бір  анадан,

Ғайыптың  құшағында  жылап  алам.

Бір  өзіне  жарасқан  жалғыздықты,

Мен  Алладан  ешқашан  сұрамағам.

 

Жеті  атасыз,

              жалғаннан  жасқанатын,

Жалғыздың  жоқ  ешкіммен  бақталасы.

Жаралмаған  судан  да,  топырақтан,

Аспан  ғана  жетімнің  баспанасы.

 

Таласпаймын  тәттіге  ел  ішпеген,

Несібемді  бұйырған  теріп  келем.

Жаралмағам  желден  де,  ауадан  да,

Туыстаса  алмаймын  періштемен.

 

Күннен  тумағанымды  біліп  іштен,

Тағдырымның  тамсанып  уын  ішкем.

Әттең  шіркін,

                оттан  да  жаралмаппын,

Туыстаса  алмаймын  ібіліспен.

 

Дарығын  мен  басыма  пендешілік,

Кете  алмадым  пенде  боп  елге  сіңіп.

«Құдай»  дейді  ешкімнен  туылмаған,

Ендеше  мен  құдайдың  кенжесімін.

 

Жалғыз  жанға  жарасқан  дара  қайғы,

Сезім – қанжар,  жүректі  жаралайды.

Тәңіріне  табынған  қайран  елім,

Маған  неге  бұрылып  қарамайды.

 

Көтермедім  жігіт  боп  нардың  жүгін,

Мейріміне  халықтың  зармын  бүгін.

Тәуелсәздік  тілейді  ел  тәңірінен,

Менің  тәуелсіздігім --  жалғыздығым.