Соры  бардай  арылмас  бір  басының,

Салдақы  боп  шығады  шын  ғашығың.

Хауа  ананың  ұлдары – құрбандығы,

Лилиттен  тараған  ұрғашының.

 

Жүз  елу  мың  жыл  күткен  сорлы  жары,

Махаббатын  саудалап  қор  қылады.

Қара  жесір  бүйі  боп  қалыңдығы,

Ұрын  келген  күйеуге  тор  құрады.

 

Қылдай  нәзік  болсада  тіні  мейлі,

Ілінгендер  бұл  торға  тірілмейді.

Ажырғы  мен  ашылмас  құлыпталған,

Ер  моынында  қыл  арқан  шірімейді.

 

Құр  сүлдері  салбырап  қыл  ұшында,

Жел  желігіп  кеуденің  қуысында,

Бөлінетін  шығарда  шыбын  жаны,

Шырылдайды  ажалдың  уысында.

 

Дарбазасын  тамұқтың  ашып  кіріп,

Мәз  болады  күнәға  батып  тұрып.

Сай  тасындай,  жігіттің  сырттандарын,

Салдақыға  қойғаны-ай  ғашық  қылып.

 

 

 

 

                  ***

 

Айтпаған  бекер  көшелі  бабам,

«Өткінші  бәрі» - деп налып.

Атамзаманнан  көшеді  ғалам,

Ақырзаманды  бетке  алып.

 

Алаштың  қайғы,

                          наласын  көрдім,

Қаталсың  неткен  Тәңірім.

Абыздың  ой  мен  санасын  бердің,

Тағдырын  бердің  тағының.

 

Таусылып  шегі  қанағаттың  да,

Заманым  кетті  қағынып.

Өркениеттің  табаны  астында,

Тапталып  қалды  тағылық

 

Бойымда  біраз  нұскан  да  болар,

Шырмады  шідер  қысқалау.

Күнікей  қызды  құшқан  бабалар,

Күңді  де  сірә  құшқан-ау.

 

Арылмай  соры  ғаріп  басымның,

Еншімнен  талай  құр  қалдым.

Күннен  туғандар  ғайыпқа  сіңді,

Бірімін  күңнен  туғанның.

 

Ақ  сүтін  Алаш  емізгені  үшүн,

Намысын  жыртып,

                                  іздендім.

Жеті  қазынам,  сегіз  пейішім

Жез-тырнағында  ілгеннің.

 

Теперіш  сезім  өзегімді  өртеп,

Тепсініп  атқа  қонып  ем.

Жиһандануға енемін  ертең,

Бабамның  сара  жолымен.

 

Ақ  пейілім  бар  атамнан  қалған,

Сақталып  асыл  бұйымдай.

Көшемін  кері  атамзаманға,

Ақырзаманға  бұрылмай.