Қиямет  жоқ  ойымда,

Өмір  әлі  бітпеген.

Менің  мерейтойымда,

Сыилық  қанша  күтпеген.

 

Геронтолог  құтықтап,

/Құрдас  еді  бұл  батыр./

Сырлы  сөзбен  «ұшықтап»,

Сыилай  салды  бір  ғасыр.

 

Жомарттығы  жолдастың,

Алдағыма  аманат.

Көп  берсең  де  тоймаспын,

Аз  берсең  де  қанағат.

 

«Сыраға  бал,  сыйға  сый»

Түсінемін  астарын.

Өмір  деген  бір  ғасыр,

Өмір  деген  қас  қағым.

 

Тойда  сілтеп  қызғанмен,

Тәубешілдің  бірі  едім,

Өткен  өмір  жылдармен,

Өлшенбесін  білемін.

 

Бұлбұл  таңда  жырласа,

Нұрға  тұнып  бақтарым.

Қалдым  ғой  деп  бір  жасап,

Қуанатын  қарттарым.

 

Бір  жасаймын  қиынын

Қияметті  жеңгенде.

Бір  жасаймын  ұлымның,

Қаз  басқанын  көргенде.

 

Ат  арытып,  тон  тозып,

Арман  қуып  кеткенде,.

Алты  ай  жүріп  шөл  кезіп,

Ел  шетіне  жеткенде.

 

Өмір  деген  осылай,

Ел  ішінде  жүргенім.

Қиындыққа  жасымай,

Қуанғаным,  күлгенім.

 

Ұлағатты  ұққанша,

Біз  өмірдің  қонағы.

Өмір  сүрсең  Лұқпанша,

Мың  жасауға  болады.

 

Күдік  жанды  кеміріп,

Артыңда  ізің  қалмаса.

Мүлгіп  өткен  өмірің,

Өмір  емес – далбаса.

 

 

        ***

 

Сөге  жамандамаңыз

Әзәзілге  ергенбіз.

Жетілмеген  санамыз

Ақын  деген  елденбіз.

 

Жоқшысымыз  шындықтың,

Аярлардан  алданған.

Үстін  алты  құрлықтың,

Шаршамаймыз  шарлаудан.

 

Тоғыспайтын  дініміз

Мұңлықтармыз,

                          қорынба.

Біріміз  құс, 

              біріміз

Андромеда  жолында.

 

Батырлармыз  бір   оқтық,

Тағдырымыз  құлыпта.

Ұшқынымыз  бір  оттың,

Сіңген  қараңғылыққа.

 

Сезім  сараң,  көнерген,

Бір  лап  етіп  сөнетін.

Ғашықтармыз,  өлермен,

Махаббатқа  сенетін.

 

Түйіршік  боп  саналы,

Шексіздікте  телегей,

Бізден  негіз  қалады,

Бөлшектенбес  зередей.

 

Өстік  Гомор,  Содомда

Күнәдан  пәк  емеспіз,

Мүмкін  әлде  содан  ба

Голограмма – елеспіз

 

Қиыспаса  жолымыз,

Бұйырмаңыз  айыпқа.

Сау  саламат  болыңыз,

Жолығармыз ғайыпта.

 

 

 

 

           ***

 

Не  боп  қалды  тірліктен  түңілердей.

Қуансаңшы  жүргенге  бүгін  өлмей.

Қалың  халық  күтуде  қияметті,

Жақсы  хабар  айтуға  тілі  келмей,

Алла  берген  ризықты  бірі  көрмей.

 

Қапаланба!

Қарық  боп  қағанағы,

Жаңа  күнде  жас   шыбық  жаңарады.

Жақсылыққа  бұрсаңыз  пейілдерді

Үйлесімін  тіршілік  табады  әлі.

 

Жаңғырудан  жасарып  жаңылмаған

Зеңгір  көкпен  тілдесіп  сағым  далам,

Бар  табиғат  сәбидің  жанарындай,

Шапағатын  Қызырдың  қабылдаған.

 

Жиһангерді  қабылдап  кемедегі,

Керегесі  ғарыштың  кеңейеді.

Үш  жарым  мың  жылдан  соң

                                                ата  жұртқа,

Ат   шалдырса  Нибиру  кезегені.

 

Күркіресе  көк  аспан  жасын  шашып,

Жаңалықты  бір  саты  жақындатып,

Полигамдық  тірлікке  бейімдейді,

Кембрилік  дәуірдің  жасушасын.

 

Жалғасуға  жаңарып  жаратылған,

Ұмтылады  табиғат  жарасымға.

Парасатты  қуат  бар  біз  білмейтін,

Квазар  мен  кварктың  арасында.

 

Үйлестірсек  әлемдік  зат+сананы,

Жаратушы  құбылыс  басталады.

Өзің  оймен  ғайыптан  сомдағаның,

Зердесінде  жиһанның  сақталады.

 

Шексіздікті  Тәңірге  балап  келген,

Нұр  жаурын  біледі  ел  талапты  ерге.

Санадан  ба, 

заттан  ба  негізіміз,

Бұл  сауалға  ешкім  жоқ  жауап  берген.

 

 

 

 

              ***

 

Сұрапылдан  сескеніп  зар  еңреген,

Соғыс  жылы  келіппін  әлемге  мен.

Мен  өмірдің  өлімнен  күшті  екенін,

Туғанымның  өзімен  дәлелдегем.

 

Ағай  кеткен  жендетті  қарсы  алғалы,

Анам  қалған  отбасы  арқандалып.

Көкем  берік, 

                      тәубешіл  адам  еді,

Бір  ауылдың  көтерді  бар  салмағын.

 

Білемін  бе  сол  жылы  еімді  мен,

Үш  жыл  бойы  санамды  өсіріп  ем.

Зерлі  ғалам  зердеме  құйылатын,

Туырлықтың  үңіліп  тесігінен.

 

Ағаларым  жеңімпаз  ғұрпты  ұстап,

Қорқауларды  көріне  қуып  тыққан.

Есеңгіреп  тұрыппын,

                             Соғыстан  соң,

Құдайым  бере  салған  тыныштықтан.

 

Кем  кетікті  қайтадан  құрап  өмір,

Ағай  келді  жеңіспен,

                                 бұла  көңіл.

Содан  бері  өтіпті  қас  қағым  сәт,

Дәлірек  айтар  болсақ,  бір-ақ  өмір.

 

 

 

 

     ***

 

Тәлімді  әңгіме  дерлік,

Таихтан  тәрбие  көрдік.

Сәбилер  жалғасы  емес  пе,

Әулие – әнбиелердің.

 

Өсиет  дәйім  айтылып,

Түиеміз  тарыдай  түйін.

Өлілер  разы  болмай,

Тірілер  байымайтынын.

 

Санасы  ерте  жетілген,

Сертіне  ел  сенетіндер.

Қолдасын  әнбиелерің,

Сәбиді  еркелетіңдер.

 

 

 

 

            ***

 

Тағдыр  дейміз  жағаға  жармасатын,

Ала  алмайсың  сен  оны малға  сатып.

Тұтқиылдан  тап  беріп,

                                          бұғалықтап

Талма  тұсын  тамырдың  дәл  басатын.

 

Жазмыш  дейміз,.. 

Кетерсің  қайда  қашып,

Онымен  де  жүремін  найзаласып.

Тақтасына  лаһулдың  ойып,  пішіп,

Теліп  берген   тамғадай  тайға  басып.

 

Әлде  кімнің  жыртысып  жағасынан,

Әлде  неге  жетем  деп  аласұрам.

Періште  деп,

Сайтан  деп  жүргендерім,

Адамдардың  шығады  арасынан.

 

Сан  сайыста,  қадірін  тілдің  безеп,

Құпиясын  өмірдің  білдім  кенет.

Енді  ойлдаймын, 

Қатығез  тағдыр  емес,

Адамдармен  алысып  жүрмін  бе  деп.