Тұлымды  таза  таңым-ау,

Ақ  үрпек  балапаным-ау.

Бағыңа  балап  қондың  ба,

Жарыңның  алақанына.

 

Қонсаңда  құтты  ұяңа,

Әкелік  көңіл  қия ма?

Қадірлі  болғай  жарыңа,

Қызындай  болғай  құдама.

 

Еркелеп  өскен  ертегім,

Ертектей  болсын  ертеңің.

Жаутаңдай  қарап  жолыңа,

Қимастық  күйін  шертемін.

 

Қонсаң  да  құтты  ұяңа,

Әкелік  көңіл  қия ма?

Бота  бол  Аруанаңа,

Құлын  бол,  қызым,  құдама.

 

Тіл  көзден  сақтар  тұмарым,

Сенімді  болғай  сыңарың.

Сендерді  сертке  жеткізген,

Тағдырға  тәубе  қыламын.

 

Қонсаң  да  құтты  ұяңа,

Әкелік  көңіл  қия ма?

Болар  деп  қамқор  өзімдей,

Тапсырдым  сені  құдама.