(Ғалымдардың  болжауынша  жиһан  кеңейіп  келеді.

                     Амандық  пен  Гүлжанның  немересі  отау  құрғанда

                        жиһан  бір  шаңыраққа  кеңейді)

 

Жарылыстан  алғашқы  жанар ашып,

Кеңістік  пен    уақыт  салады  асыр.

Содан  бері  төрт  жарым  миллиард  жыл*,

Мынау  ғалам  кеңейіп  келе  жатыр.

 

Тіршіліктей  жаны  бір  кемедегі,

Құс  жолында  жұлдыздар  келеді  өріп.

Бір   жақсылық  ғаламда  орын  алса,

Бір  өлшемге  бұл  жиһан  кеңейеді.

 

Қараңдаршы  мөп  мөлдір  аспан  қандай,

Таңбалары  бұржының  дастандардай,

Отау  тіккен  Данияр,  Ботагөзге,

Жаратылыс  дәл  қазір  басталғандай.

 

Тәубе  қылып  бір  парыз  өтелгенге,

Қариялар  қол  жайды  көсемдерше.

Аспан  асты  бір  саты  биіктеді,

Шаңырағын  жас  отау  көтергенде.

 

Қоңыр  көлде  қос  аққу  көрінгенде,

Азат  пенен  Раушан  көз  ілген  бе?

Алты  құлаш  кеңейді  күн  жүйесі,

Алты  қанат  кереге  керілгенде.

 

Жаппар  ием  тілекті  қабылдасын,

Жаратылыс  заңынан  жаңылмасын.

Май  тамызып  махаббат  алауына,

Кеңейуден  пейілдер  арылмасын.