Жауыз  жұтпақ  болғанда  жер  басқанды,

Кебенекке  құрсантып  боздақтарды,

Айдахардың  аузына  аттандырып,

Кебін  киіп  аналар  боздап  қалды.

 

Құрбандыққа  ел  үшүн  тамған  қандай,

20  миллион  қиылды  арман  жанбай.

Жеңіс  күнін  қарсы  алдық  жылап  тұрып,

Қаралы  тарих  бетін  аударғандай.

 

Шаһиттерге,

                     сиратты  кешіп  өткен,

Құран  бағыштамайды  есі  кеткен.

Қабіріне  белгісіз  жауынгердің,

Азалы  гүл  егіп  жүр, жесір  көктем.

 

Қолқадағы  тепкілеп  қан  алқымды,

Тыныштықта  минуттық  алаң  тынды.

Жылыта  алмай  қабірді  қалтырайды,

Мәңгі  қызыл  алауы  қалампырдың.

 

Сәлден  кейін,

                   шығарып  жалын  демін,

Салют    болып  сілкінді  сағым  белім.

Жеңіс  күні  осында  әкеледі,

Жас  аналар  жетелеп  сәбилерін.