Қауырсын  күз,  қоңыр  көл  құс  түнеген,

Көңіліме  қобалжу  түсті  неден?

Құстар  қайтып  барады,  ұшады  олар,

Мені  өсірген  даланың  үстіменен.

 

Қаз  дауысы  тамызып  санаға  сыр,

Ауыл  әнін  есіңе  салады  ақыр.

Көлдің  үстін  тербетіп  қанатымен,

Құстар  сіңіп  ауаға  бара  жатыр.

 

Сағыныштың  кезі  екен  күз  дегенің,

Туған  жерге  түсімде  жүз  келемін.

Текеметтей  түрленіп  топырағы,

Жатыр  құстың  жолында  іздегенім.

 

Сағындырған  абыз  жер,  дуалы  жер,

Ыстығыңмен  жанымды  суара  бер.

Қауырсынын  құлатып  құстар  өтсе,

Менен  хабар  келді  деп  қуана  бер.