Өлшеп  пішіп  қойыпты  кім  ертеңін,

Арман, 

           үміт, 

                   ақиқат  түгел  сөніп,

Мая  өркениетін  жұтып  тынған,

Көкжиекте  барады  күн  өртеніп.

 

Қабыл  болмай  құдайға  құлдығың  да,

Қараң  қалып,  қулығың,  сұмдығың  да.

Қармауға  тал  табылмай,  күн  жүйесі

Құс  жолының  барады  құрдымында.

 

Сауға  сұрап  ақырғы  ақыраптан,

Тәңіріне  табынып  жатыр  аспан.

Періштні  арбайды  алхимик – күз,

Алтын  жамбы  өндіріп  жапырақтан.

 

Бір  түйсік  бар  санамды  шиырлаған,

Үн  келеді  ғайыптан  сыбырлаған.

Шындық  болса  Маяның  календары,

Биыл  тәмәм  болады  ғұмырнамам.

 

Күндестердей  керісіп,

                                        күңкүлдесіп,

Ағаштардың  қалыпты  құр  сүлдесі.

Жаздай  жиған  жасауын  соңғы  күздің,

Алды  тонап  Маяның  күнтізбесі.

 

Күннің  асты  шығарып  жиі  бүлік,

Үйдей  пәле  үстіме  үйіріліп,

Көріпкелдер  жер  шарын  бөріктірді,

Үй  ішіне  кеткендей  бүйі  кіріп.

 

Пенделердің  біткен  мен  бар  шыдамы,

Таусылмайды  тірліктің  дәм,  тұзы  әлі.

Махаббат  бар  сақтайтын  тіршілікті,

Ахыретке  шығатын  қарсы  барып.

 

 

Болжапты  деп  біреулер  күрсінбеші,

Кеңістікте  кезеген  жүрсін  көшіп.

Мәңгілікті  меңзейді  Сайлыбайдың,

Сызып  берген  қазақи  күнтізбесі.