Әлемдегі  ең  ардақты  жан – АНА,

                                Ең  ауыр  қайғы  ананың  қазасы.

 

Осы  болар  ең  ауыры  азаның.

Жусан  дәмді  жасқа  толып  жанарым,

Қанатынан  қайырылғандай  қаламым,

Құлпытасқа   қаралы  жыр  жазамын.

 

Уыз  сүтке  адалмыз  ғой  жаппай  біз,

Ана  есімін  зердемізде  сақтаймыз.

Бірақ,

Бірақ,  әлсізбіз-ау,  Анаға,

Құлпытастан  басқа  ескерткіш  таппаймыз.

 

Ауыр  жылдар  абүйірін  қорғасқан,

Қабіріне  үңіледі  сорлы  аспан.

Артық  емес  Анаң  үшін  әрине,

Туған  жерге  тау  әкеліп  орнатсаң.

 

Мәз  боламамыз  қуанып  қол  жеткенге,

Қабіріңе   шыбық  әкеп  еккенге.

Артық  болмас  еді-ау  шіркін  Ана  үшін,

Сусыз  шөлге  көл  орнатып  кетсең  де.

 

Әзиз - Ана! 

Қадіріңді  кеш  ұғып,

Әлсіздіктен  сұрап  тұрмын  кешірім.

Мықты  болсақ,  сахараның  төрінен,

Бұлақ  болып  ағар  еді  есімің.

 

Әлемдегі  бар  қайғыны  ақтарып,

Жұлдыздардың  кірпігінен  жас  тамып,

Біз  де  міне,  жалғыз  шумақ  өлеңмен,

Құлпытастан  басқа  ескерткіш  таппадық.