Математик – көне  шалға,

Сенбесеңіз  санаңыз.

Отыз  күннен  он  екі айға,

Бөлген  жылды  бабамыз.

 

Күнтізбесі  жасалыпты,

Сақтап  уақыт  тәртібін.

Өліара  деп  аталыпты,

Артық  қалған  алты  күн.

 

Қарлы маусым,

                      басып  жаншып,

Қалтырайды  құба  қыр.

Алты  ай  қыстың  ақырғы  алты

Қадамының  жүгі  ауыр.

 

Қазанбұзар  қалпында  тұр,

«Он  үшінші»  - ақарғы  Ай.

Елге  симай  алтын  басы,

Ішіп  кеткен  ақындай,

 

Боран  ұлып,

                   жауын  ұрып,

Еш  маусымға  сиыспай.

Өліараның  жаны  бүлік,

Барымташы  бұзықтай.

 

Қайтқан  құстан  лек  тізілмей,

Хабары  жоқ  ұзақтың.

Сақау  қыздың  септігіндей,

Сөйлегені  бұлақтың.

 

Қыстың  тайып  бастан  бағы,

Жанталасқан  өзара,

Соңғы  алты  баспалдағы,

Ең  қиын  ай – өліара.