Тарпаң  дала  таңғы  шыққа  безеніп,

Ұйқылы  ояу  самал  сайды  кезеді.

Қарағайлар  маужырайды мауығып,

Қайың-қыздың  іші  нені  сезеді.

 

Қараңғының  бетпердесін  бүркеніп,

Кеңістікті  сапырады түн-пері.

Пайда  болған  жарылыстан  алғашқы,

Сансыз  жұлдыз  тым  тырағай  үркеді.

 

Уақыт  пен  кеңістікке  жарасып,

Құс  жолында күн  жүйесі  адасып.

Түйір  жерді  паналаған  адамды,

Алла  нұры  аймалайды  жаны  ашып.

 

Сана  жетіп, 

               сезбейтұғын  жүрек  еш,

Шексіздікте  шашырайды  бір  елес.

Ньютонның  формуласы  ескіріп,

Қалғандығы  жиһан  үшін  түк  емес.

 

Құдірет  күш  болмаса  да  қолда  түк,

Тәңір  берген  жұмыр  жерді  қорғасып,

Мың  бүлдіріп, 

                мың  қайтара  түзетіп,

Жер  бетінде  жүрмін  жұмақ  орнатып.

 

Ғасырлардан  жеткен  алыс  жол  қинап,

Қоныс  теуіп, 

                   шөккен  нардай  қоң  жинап.

Нарттай  қызыл  құрыш  құйып  қолқаға,

Ырыс  болып  ыңырсиды  комбинат.

 

Кеңістікте,

                 комбинаттан  тысқары,

Табиғаттың  заңдылығын  ұстанып,

Ару-шығыс  күн-сәбиге  толғатып,

Таң   сәріде  қанатады  пұшпағын.

 

Жауырына  жаба  тоқып  шоқпытын,

Көне  қырат  тілемейді  көп  күтім.

Жын  қуғандай

                    етек  жеңі  түріліп,

Жер  түбіне  жөнеп  берді  көк  түтүн.

 

Мұржалардың  ұшар  басы  көк  тіреп,

Күннің  нұры  маңдайынан  өпті  кеп.

Жаппай  жылу  қауіпінен  құтылып,

Жерде  жұмақ  орнататын  сәт  тілеп.

 

Қызыр  баба  жанарына  нұр  ұйып,

Көк  Тәңірдің құдіретіне  сиынып,

Ғаламшарға  ғашық  сезім  таратып,

Күн  келеді!

Күн  келеді  жымиып!