(Марал  Хасенге)

 

Ұлы  жолда  ұлып  жүрген  бөрімін.

Сақ  дәуірі  сағым  болып  өріліп,

Күн  астында  Ғұн  болып  бір  көрініп,

Қалдым  тарих тозаңына  көміліп.

 

Түркі  болып  Көк  Тәңірге  табындым,

Күмбез  қылып  көк  аспанды  жамылдым.

Күлтегін  боп  керегемді   кеңейттім,

Бірақ  уақыт  дегеніне  бағындым.

 

Хандық  құрдым  құрамында  Алаштың,

Жүзге  бөліп,  қандасыммен  таластым.

«Одақ»  болып,

                  бодандықта  тұншығып,

Коммунизм  орнатам - деп  адастым.

 

Егемендік  келді  кенет

                                 – жарықтық,

Бірақ  халі  жақсармады  халықтың.

Көкелерім  ел  байлығын  бөлісіп,

Қазақ  түсті  қыспағына  нарықтың.

 

«Европаны  кезіп  жүрген  елестің»,

Азияда  айдарынан  жел  есті.

Туыстардан  табылмай  бір  сәуегей,

АҚШтағы  «көріпкелмен»  кеңестім.

 

Шен  жамылған

                  мадақ  сөзден  жалықпас,

«Америка  қолдайды» - деп  халық  мас.

Дж.  Гиффен* – ЦРУдің  аганті,

Адасқанға  ақыл  айтып  жарытпас.

 

Намысыма  өшпес  таңба   жұқтырып,

Шетелдікке  құрақ  ұштым  тік  тұрып,

Жарылқаушым  сілтеп  алыс,

Екі  мың 

Отызыншы  жылды  қойды  күттіріп.

 

Басып  кейде  желікпенің  көрігін,

«Оян  қазақ» - дейді  ішімде  өр  үнім.

Есірткіден  есі  кеткен  алыптай,

Ұлы  жолда  ұлып  жүрген  бөрімін.

 

 

 

 

*Гиффен – қазақстанның  2030  жылға  дейінгі  дамуының,  халықаралық  саясатыныңың жобасын  ұсынған  кеңесші.  «АҚШқа  зор  пайда  келтірген,  ЦРУдың  маңызды  агенті» -  деп  бағаланды.