(Қасым  Аманжоловқа)

 

Асылдар  өтті  дәуірден, 

Қасымдар  өтті,

Сұрапыл  соғыс  күркіреп,  жасындар  өпті.

«Өзімен  бірге  өлмейтін»  жалын  жырлары,

Ғасырдан  асып, бүгінгі  ғасырға  жетті.

 

«Отаным»-десе  ерекше  шабыттанатын,

Парнасқа  шырқап  шығатын  қағып  қанатын,

Бөтен  бір  елде  таласпай  падишалыққа,

Елімен   бірге  жүретін  ғарышқа  жақын.

 

Толғаса  жырды  жүйкенің  тамызып  қанын,

Егемендіктің   тұтатты  тамызықтарын.

Сауын  атадым  бағыштап  рухыңа  сенің,

Бақытты  ұрпақ  атынан  бар  ұлыстағы.

 

Біз  бүгін  одақ  елінен  көш  ілгеріміз.

Өзегі  жалын  өндіріс  өтінде  жүрміз.

Өшпейді  біздің  жүректен,

Жасын  ағалар,

Хандардан  қалған  киелі  есімдеріңіз.

 

Халықта  қайсар  мінез  бар  өзіңнен  біткен,

Өтсе  де  ақын,  қойылмас  өмірге  нүкте.

Жүрегі  жердің  өшпейтін  жалынға  толы,

Өзіңдей  жандар  қойнына  көмілгендіктен.

 

Ата  жолынан  адаспау  ерге  сын  деген,

Жетесіздікті  қашанда  ел   кешірмеген.

Галлактикалар  өшпейді –

                                            рухтар  олар

Орбитасынан  таймаған  жер бетінде де.

 

Өшпейді  тілім, 

                        өшпейді  тұлғаларымыз,

Тарихқа  таңба  басады  қылқаламымыз.

Асан  атамыз  өңгеріп  әкете  алмаған,

Ешкімге  таба  етпеспіз  бұл  даланы  біз

 

Абайдың  мұңы  миыма  еніп    

                                                     тамғанда,

Сәкеннің  сазы  қанатын  керіп,  талғанда,

Тасбақа  таулар  тұралап,  шөгіп  қалғанда,

Қасымның  жыры  мені  де  елітті  арманға.

 

«Солдаттың  сірі  етігі» - тарамыс  жаным,

Өзіңнен  кейін  кешігіп  қалам  ұстадым.

Отпенен  суға  салып  жүр  «келер  Қасымды»

Ұран  боп  қалған  ұрпаққа  «Қазақстаның».

 

 

 

             ***

 

Мынау  түннің  тастай  берік  қамалы,

Шексіздікте  жиһан  жылжып  барады.

Коммунизм  орнататын  қоғамның,

Бағы  тайып,  кері  кетті  қадамы.

 

Менің  санам,  қиял  емес  алғашқы,

Бір  басымнан  екі  ғасыр  алмасты.

Мен  жиһанды  жер  деп  қана  жүріппің,

Топан  екен,

Қармайтын  тал  қалмапты.

 

Сол  түстікте  самұрық  құс  самғаған,

Шығысымды  нән  айдахар  жалмаған,

Батысқа  да  басымды  изеп  алданам,

Бәрінен  де  іштен  шыққан  жау  жаман.

 

Төр  бұйырмай  заманауи  үңгірден,

/Бөбектеймін  ойыншығын  бүлдірген./

Апай  төсті  алпауыттар  ішінде,

Табынатын  пұт-та  таппай  жүрмін  мен.

 

Күресуге  жетпейді – деп – дәрменің,

Құлағыма  күбірлейді  әлде  кім. 

Шыңыраудың  құлап  түскен  түбіне,                 

Айды  аспанға  шығара  алмай  әуремін.

 

 

 

 

             ***

 

Бәрі  өзгерді.

Құндылықтар  алмасты.

Заман  сірә  ақылынан  алжасты.

Жауға  қарсы  жұмылатын  жұдырық,

Жақынының  жағасына  жармасты.

 

Бабалардың  өсиетін  өшіріп,

Ібілістен  ілім  алдық  көшіріп.

Ақиқатты  адастырды  жолынан,

Шындықпенен  некелескен  өтірік.

 

Бүгін  халық  көсемдерге  ермейді,

Қандасының  қасіретін  көрмейді.

Қарызға  бат,

Күнәға  бат,

Суға  бат,

Көршің  саған  қол  ұшын  да  бермейді.

 

Бүгін  әйел, 

                 есептемей  ертеңін,

Ғашықтың  да  құшағына  енбейді.

 

Ғасыр  өтті  өз  міндетін  атқарып,

Алланы  атап  уағыз  айтып,

                                           жақ  талып

Тәрбиесі  жүрмей  қойды  адамға,

Арасаттың  алаңынан  басқаның.

 

Еңсемізді  бір  албасты  басқандай,

Санамызда  жатыр  бір  зіл  батпандай.

Күн  жүйесін  тастап  мына  қара  жер,

Қияметке  құлап  бара  жатқандай.