Көзкөргендер  шындықты  сынамайды.

Сөзмергендер, 

        «көзге  атып  құралайды»,

Өз  беделін  дәріптеп  жұрт  алдында,

Саясатты  «сайқал» - деп  кінәлайды.

 

От  шығады  тигенде  таға  тасқа,

Бірімізді  біріміз  таласақ  та,

Әлімсақтан  сомдалған  халық  үшін,

Жала  жабу  күнә  ғой  саясатқа.

 

Неге  ендеше  сайлаудың  әр  шешені,

«Адалмыз» - деп  халқына  ант  етеді.

Сайқал  саясатқа  кім  қия  алады,

Төлені, 

Қазыбекті, 

Әйтекені.

 

Әділдікте  имейтін ханға  басын,

Бүгінде  қалмады  би, 

                                          қалмады  ақын.

Алдында  дос,  дұшпанның  атой  салып,

Сөйлесе  қара  қылды  қақ  жаратын.

 

Біле  тұра  заманның  ескірерін,

Кірлетпеген  есімін  тектілерім.

Саясатқа  жүргендер  күйе  жағып,

«Сайқал  саясаткерлер»  деп  білемін.