Кереметтер  көрмеген  ел  түсінде,

Өркениет  дамыған  өрт  ішінде.

Білім,

Өнер,

Ғарыштың  соқпағы  да,

ХХ- сыншы  ғасырдың  еншісінде.

 

Қарақшыдай,  қанжары  қойынында,

Күркіреткен  соғыстың  сойылын  да.

Алдау,

Арбау,

Жазықсыз  қан  төгу  де,

ХХ-сыншы  ғасырдың  мойынында.

 

Бірде  жұмақ  ал  бірде  заманақыр,

Алмасады  ауламда  салады  асыр.

Тозаққа  ма,

Шынымен  пейішке  ме,

Мына  ғасыр  аттанып  бара  жатыр.

 

Өтсін  ғасыр,

                  өшпейді  қырдағы  ізім,

Егемендік – мызғымас  бұл  қазығым.

Азаматтық  жырыма  арқау  болды,

Ғасыр  жүгін  көтерген  жиырма  жылым.

 

Қиылмады  қапыда  қыршын  демім,

Тұғырдағы  қырандай  сілкінді  елім.

Ата – бабам  сан  ғасыр  аңсап  өткен,

Пешенеме  жазылған  бұл  күн  менің.

 

 

Өмір - өзен  аптығып, ыршып  аққан,

Шешілмеген  алдымда  тұр  сұрақтар.

Қылыш  кеспас  сертім  бар  жүрегімде,

Құрыш  тектес  еркім  бар,    

                                            ынтымақ  бар.

 

Еншісіне  ешкімнің  бұйырмаған,

Түгінен  май  тамызды  қиыр  далам.

Мұнай  селі  Ақтауда  ақтарылып,

Тарих  жатыр  Алтайда  шиырлаған.

 

Қарағандым – кен  көзі  сарқылмаған,

Теміртауым  жалыны  жарқылдаған.

Топырақты  мен  бөтен  баспас  едім,

Табанымда  жатса  да  жарты  ғалам.

 

Алыптармен  үзеңгі  қағысқанда,

Өршелене  түседі  намыс  қанда.

Енді  заман  көшінен  қалыспаймыз,

Арқа  сүер  айбынды  халық  барда.

 

Батыс  бізге  кеудесін  кергенменен,

Иықтаспыз  алпауыт  елдерменен.

Айдарынан  күн  сипар  алашымның,

Елу  елдің  сапына  енгенде  мен.

 

Қайран  елім!

Қабаққа  жолатпай  мұң,

Енді  жерге  еріңді  қаратпаймын.

Күлің  болса  су  болып  тазартамын,

Күдік  болса  от  болып  аластаймын.

 

Өте  шығып  ғасырлық  сергелдеңім,

Еркіндіктің  күшіне  сенгенде  елім,

Даламды  өңдеп  диханым,

                                     қалаларды

Мүсіндеді  мәрмәрден  зергерлерім.

 

Бірлік  болса  елінде  кім  түлемес,

Көршімізге  жатпаймыз  жыртып  өңеш.

Ғасыр  кейде тарихта  ұмыт  қалар,

Жиырма  жылды  ұмыту  мүмкін  емес.

 

Қызықтырмас  көзімді  орда  бөтен,

Қызыр  бабам  осында  қонған  екен.

Қасиетті  мекенім  Қазақстан,

Елдігіңді  тіл,  көзден  қорғап  өтем.