(«Шагане, ты  моя  шагане» С. Есенин)

 

                         1

 

Тұсына  Тұран  жерінің  қазағы  келіп,

Толқыды  Тынық  мұхиттың  шанағы  кеңіп.

«Сұлулық  бағзы  заманда  толқыннан  туған»,

Деген  ұғымға  сенеді  жағаның  елі.

 

Қызыр  болды  ма  мұны  айтқан  қырықтың  бірі,

Сұлулық  көрдім  қызығар  ұлықтың  ұлы.

Толқыннан  шығып  келеді,

                                             мойылдай  мөлдір,

Қарақат  өңді,  қара  алмас  зұлыстың  қызы.

 

Шахеризада  ертегі  есіл  ерінде,

Шахтың  қызы  жүр  толқынды  кешіп  өңімде.

Көзіңе  көзім  абайсыз  кездесіп  қалса,

Тұрған  жерімде  өлімге  кесілемін  бе?

 

Шықтың  ба  мөлдір  тұнықтан  туғанда  жаңа,

Қырдан  да  қара  көзіме,  судан  да  қара.

Пейіште  піскен  жеміс  пе  қос  анар  анау,

Қара  мәрмәрден  қашалған  тұлғаң  да  дара.

 

Жайлауда  жазық,  елестеп  құлын  көзіме,

Сөйледім  тілсіз  сезімнің  тілінде  міне.

Абдырап  тұрмын,  жанарым  жіпсіз  байланып,

Құмырсқа  бітекен  қызығар  жұмыр  беліңе.

 

Ұлы  едім  күнге  табынған  Үйсін  елінің,

Ультра  күлгін  сәулеңе  күйсін  ерінім.

Аққұба  қыздар  қасыңа  шоғырланады,

Күн  нұры  сіңген  елітіп  исіңе,  гүлім.

 

Кеудемнен  жалын  шығады  «Жалған-ай»  десем,

Өтсе  ғой  жалған  аруды  таңдамай  бөтен.

Жүзім  шырынын  сіңірген  зұлыстың  қызы-ай,

Сұлулық  шіркін  нәсілді  талғамайды  екен.

 

 

                      

 

                2

 

Қылықты  қыз,

                    құй  шараптан,

Мұхит  басты  солығын.

Қоңыр  кеште  күйшанақтан,

Төгіледі  қоңыр  үн.

 

Жүрек  сезер  көз  көргенді,

Жеткізе  алмас  тіл  кейде.

Көз  алдымда  көлбеңдеді,

Қоңыр  құлын бір  бейне.

 

Ертегіні  тірілтермін.

Көлбейді  қыз  кекілді,

Күн  астында  Күнікейдің,

Көлеңкесі  секілді..

 

Нәзік  гүлге  қонып  әрең,

Әсем  бір  саз  есілген.

Есімің  де  қоңыр  әуен,

Естіледі  эфирден.

 

Тербетеді  жағаны  аяп,

Толқын  туған  дүлейден.

Су  бетімен  жалаң  аяқ,

Жүгіргендей  Сүлеймен.

 

 

                       3

 

Жағажайда,  күн  сүйген  құла  құмдар,

Құла  құмда  жалаңаш  гүл-арулар.

Құмарымда  лап  етіп  қара  жалын,

Өшіп  қалды  сары  қыз,  құба  қыздар.

 

Бейіш  гүлі –беймәлім  кім  екені,

(Бәйіт  оқып  мінәжат  түн  өтеді).

Жел  сүймеген, 

жабайы  құлын  дене,

Жанарыңмен  сипасаң  дір  етеді.

 

Уыз  толы  қос  сезім  үрпиісіп,

Тұғыр  төстің  үстінде  тұр  түйісіп.

Тағылықтан  жаралған  қос  балапан,

Қолым  созсам  кетеді-ау  үркіп  ұшып.

 

Жараспайды  үн-түнсіз  тұрысым  да,

(Бүйтіп  ақын  болғаным  құрысын  да).

Сезім  тілсіз  сөйлеп  тұр  көзімде  де,

Ағылшынша  бір  сөз  жоқ  тіл  ұшында.

 

Пәктік  пе  едің  некесі  қиылмаған,

Бибі-сезім,  бөгдеге  бұйырмаған.

Әпендемін,

                 өзіңдей  әдемілік,

Іздеп  аппақ  әлемді  шиырлаған.

 

Біздің  жақта  тұрғанда  ақпан  ұлып,

Тайқазаны  мұхиттың  ақтарылып,

Арбасын  деп  Алаштың  азаматын,

Жіберді  ме  су  асты  патшалығы.

 

–Әсемдікке  қазағым  құмар  менің,

Жырдан  тағып  берейін  тұмар, – дедім.

Сәл  жымиып, бұрылды,

                                      сәнмен  иіп

Білезіктен  өтетін  бұраң  белін.

 

Гүл  шырыны  шанақтан  тама  жаздап,

Аппақ  мәрмәр  күлкісін  маған  арнап.

Мақпал  тәжі  майсып  сағағынан,

Солқылдайды  алдымда  қарағалдақ.

 

Қызықтап  та  біздерді,

                                        қысылып  та,

Құпияны  қайдағы  түсініп  қап.

Қылыққа  бай  аққұба  құрбылары,

Құс  тілінде  алады  шықылықтап.

 

Білем  мен де  қыздарға  не  дерімді,

Жырмен  өрем бәдіздеп  бедеріңді.

Қазағыма  керексіз  қайран  тілім,

Қыз  алдында түсірме  беделімді.

 

Мақпал  түнде  мамығын  тарап  алған,

Қара  қудай  қанатын  қағады  арман.

Тынық  мұхит  толқиды  жүрегімде,

Жатыр  тұнып  түбінде  қара  маржан.

 

 

                4

 

Бар  қызығын  пейіштің,

Тізіп  алсам  шіркін – ай.

Тиым  салған  жемісті,

Үзіп  алсам  шіркін – ай.

 

Қара  маржан  төстерің,

Еріндерің – құлпынай.

Неткен  ғажап,  кештегі

Керілгенің  шіркін – ай.

 

Мәжнүн  боп  Жерұйқта,

Қаңғып  кетсем  шіркін – ай.

Қараторы  иықта

Қалғып  кетсем  шіркін-ай

 

 

               5

 

Сені  жалғыз  жүргізбеймін  жалғанда,

Сені  жалғыз  жібермеймін  барларға.

Қос  сезімді   бір  қауызға  сыйғызып,

Екеу  болып  аттанамыз  арманға.

 

Бізді  қосқан  құдіретті  күш  білем,

Кеңістікке  құлаш  ұрды  құс-кием.

Бірге  мініп  қайығына  Харонның,

Бірге  өтеміз  қылкөпірдің  үстінен.

 

Айықпаспын  сенің  салған  жараңнан,

Сені  мәңгі  аялауға  жаралғам.

Мен  өзіңді  иығыңнан  итеріп,

Шығара  алман  санамнан.

 

             6

 

Мүсінің  құйылған  қоладан,

Ерніңе  лағыл  зер  жалатқан.

Ауытқып  алғашқы  жобадан

Лилит*тен  өзгеше  жаратқан.

 

Жігіттер  талақ  қып  тәлімді,

Сұқ  көзін  қадайды,  қағынып.

Су  сипап, 

күн  сүйген  тәніңді,

Армандап  өтер  ед  хан  ұлы.

 

Алжасып  аңыз  бен  ақиқат,

Көңілге  көлеңке  түсірмей,

Күлесің  жағада  асыр  сап,

Өмірдің  мәнісін  түсінбей.

 

Тәніңді  сипауға  таласып,

Толқындар  түседі  алшыдан.

Сығалап  қарайды  қарашық,

Шымылдық – кірпіктің  артынан.

 

Ибалы  мінезін  танытқан,

Осы  бір  қылыққа  қызығам.

Сығалап  қарайтын  жабықтан,

Аумайсың  қазақтың  қызынан.

 

Лилит -  Адаммен  бірге  топырақтан  жаралған  алғашқы  әйел.

 

 

                7

 

Балауыздай  еріген  бал  шағыңда,

Бар  табиғат  сені  іздеп  жар  салуда.

Бес  уақыт  намаздың  сәждесіндей,

Сені  еске  сап  тұрады  бар  табиғат.

 

Ділгірлігің  діндерден  күрделі  еді.

Санам  Пандат  оқиды  күнде  менің.

Таң  алдында  жанарым  хауыз  жарып,

Майысқанын  іздейді  гүл  дененің.

 

Ұмытылмай  Бесінде  ойымдағым,

Ажарыңды  амалсыз мойындадым.

Жаңа  піскен  жұмақтың  жемісіндей,

Жанарыңның  іздедім  мойылдарын.

 

Қарақуым, 

                  аққудай  киелі  едің,

Асығады  өзіңе  жиі  өлеңім.

Намаздыгер  шағында, 

                             шөлдегенде,

Сенің  қара  көлеңкең  тілегенім.

 

Тәулік  жылжып  теңіздің  тұнығымен,

Толқындармен  алысып  шынығып  ем.

Намазшамды  тәмәмдап,

                                ауыз  аштым,

Ерініңнің  есірткі  -  шырынымен.

 

Қолаң  шашың – қою  түн  қозғалатын,

Түн  ләззаты  алады  өз  бағасын.

Құтпан  оқып  шашыңа  шым  батамын,

Осы  менің  өзіңе  көзқарасым.

 

 

                    8

 

Болмысын  ұятқа  баламас,

Жаны  да,  тәні  де  жалаңаш.

Өзегі  өрт  тілеп  түратын,

Эвкаливт  дейтұғын  бар  ағаш.

 

Өртенсе,

           дәндерін  қызартып,

Ұрпағын  қалады  ұзартып.

Шіріген  ағашта  өркен  жоқ,

Өртеніп  өлгені  мың  артық.

 

Эвкаливт  шырыны  шашыңда,

Зұлыстың  шыбығы  қасымда.

Жалғанда  жалқы  боп  жаралған,

Көркіңді  көзімнен  жасырма!

 

Тәніңнің  жұпарлы  жұмағы,

Санамда  салтанат  құрады.

Сұлулық  Хауадай  жалаңаш,

Ұяттан  биіктеу  тұрағы.

 

Бір сезім  тығылып  алқымға,

Сырымды  айтамын,

                                    ал тыңда!

Ғашықтық  отына  өртену,

Бар  дейді  жүректер  салтында.

 

Ақпанның  аптабы * күшінде,

Тәніміз  тандырдың  ішінде.

Көзіңнен  бір  ұшқын  құласа,

Дайынбыз  лап  ете  түсуге.

 

Аптаптан  тығылар  жерді  іздеп,

Күдікпен  қарайды  ел  бізге.

Несі  бар,

Өртеніп  өлетін,

Осы  бір  ағаштан  кембіз  бе?

 

Жануға  ант  атап,  сөз  беріп,

Тамып  тұр  қарақат  көздерің.

Шіріген  ағаштың  күнінен,

Мың  артық  өртеніп  өлгенім.

 

 

*Австралияда  ақпан  жаз  айы.

 

 

 

                9

 

Санам  саққа  тартысады,

Жер  айласын  асырды.

Оңтүстіктің  жартышары,

Айналдырды  басымды.

 

Түйсігіме  қайшы  бәрі,

Күн  шығады  батыстан*.

Теріс  қарап  ай  туады,

Жұлдыздар  да  шатысқан.

 

Алжыған  қыс  көрсін  келіп,

Қаңтарда  күн  қайнап  тұр.

Аққұба  қыз  өңсізденіп,

Зұлыс  қызы  жайнап  тұр.

 

Қара  тәнге  дақ  түспейді,

(Бұл  да  сабақ  білгенге).

Арасынан  ақ  тістердің,

Гүл  төгеді  күлгенде.

 

Аққулар  жоқ,

                  түсінбеймін,

(Арқада  жүр  шамасы).

Қарақулар  мүсіндейді,

Айна  көлдің  шарасын.

 

Қара  мақпал  әрлеп  тұр-ау,

Қара  торы  иықты.

Сұлулықты  әлем  мынау,

Қарақуға  қиыпты.

 

Неткен  ғана  керім  еді,

Толқын  құшып, 

                              тарану

Кербезденіп  керіледі,

Көл  төсінде  Қара  қу.

 

Тоғысқандай  торабында,

Айтылмаған  сан  аңыз.

Құс  төресі – Қара  қу  да,

Қыз  төресі –Қара  қыз.

 

 

                  10

 

Тегіне  тартар,

 бағамдай  білсең,

Тумайды  жақсы  жаманнан.

Толқыннан  мөлдір  жаралғансың  сен,

Мен  топырақтан  жаралғам.

 

Тоқсан  пайызы  қаныңның  сенің,

Мұхит  суының  құрамы.

Тоқсан  пайызы  қанымның  менің,

Арал  тұзынан  тұрады.

 

Қалап  өзіңді,  толқыннан  сұрап,

Жер – Ана  алған  асырап.

Мен  жерде  тудым, 

                               өгеймін  бірақ,

Нәр  бермес  сусыз  топырақ.

 

Маған  су  керек, 

                           саған  жер  керек,

Жетіспей  жүрген  қасиет.

Мұхит  боп  құйшы  Бетпақ  шөлге  кеп,

Қауышпай  өтсек – қасірет.

 

 

              11

 

Құрлықтан  су  көп. 

Осыған  бола,

Топан  су  жәйлі  туды  аңыз.

«Жер  шары»  емес, 

                             тосыннан  қара,

«Мұхиттың  шары»  бұл  нағыз.

 

Алдымен  Алла  жиһанды  құрап,

Жаратқан  жалғыз  «су  тегін*».

Бес  құрлықты  біз  жалынып,  сұрап,

Еншілеп  алған  жұрт  едік...

 

Топанға  батты  жағаның  құзы,

Паналап  Нұхтың  кемесін,

Келеміз  жүзіп. 

                  Хауаның  қызы,

Аңызға  сен  де  сенесің.

 

Қобалжып  көңіл,

                            қабынып  қауіп,

Тәубеңе  қайта  келерсің.

Қайтсын  деп  барлап  Қазықұрт  тауын,

Ұшырдық  аппақ  көгершін.

 

Құрлықтың  бетін  сүртеді  теңіз,

«Мұхит  шарында»  қаңғырып.

Айналып  кетсек  су  тегіне  біз,

Табармыз  мекен   мәңгілік.

 

Су  тегін  бұрын  үріп  ішпеген,

Тарылды  тыныс, 

                           қарашы.

Көгершін  анау  үрім  тістеген,

Қалады-ау  бізден  адасып.

 

 

*Жиһандағы  ең  қарапайым,  ең  көп  тараған  элемент 

 

 

                 12

 

Шұбат  толып  шарасына,

Шуағын  күн  тарататын.

Дешт-и-Қыпшақ  даласына,

Қыз  екенсің  жарасатын.

 

Бұрымыңның  бір  талына,

Жігіт  біткен  таласатын.

Ұлы  жүздің  ұрпағына,

Қыз  екенсің  жарасатын.

 

Қалыңдықтай  құрасың  сән,

Қыз  бозбала  санасатын.

ULURU*дан  ұзатылсаң,

Ұлытауға  жарасасың.

 

Қыз  қууға  мінем  десең,

Ақ  боз  атқа  жарасасың.

Келін  болып  кірем  десең,

Ақ  боз  үйге  жарасасың.

 

Тарқатылып  қара  шашың,

Тамсандырып  қарататын.

Қалқам,  неткен  тамашасың!!!

 

УЛУРУ – аборигендер  кие  тұтатын  қызыл  тас – тау