ЫСТАМБУЛДЫҢ КЕДЕНІ

 

 

Жеткен  едім  айдарымнан  жел  есіп,

Күн  келбетті  айбарындай  бір  елдің.

Ыстамбулдың  кеденінде  келесі,

Сағым  сынып,  тығырыққа  тірелдім.

 

Орыс  тілді  жауабыма  түсінбей,

Speak  English* – деді  кеден  жігіті.

Ағылшынды  көрмеп  едім  түсімде,

Сөйлеуге  де  бейім  емес  тіл  ұшы.

 

Бұғалықтан  босамаған  басымда,

Хрущевтың  заманы  да  өтіпті.

«Орысшаны  білсең,

                               осы  ғасырда,

Коммунизм  орнатам» – деп  көкіпті.

 

Бауырым-ай!, 

Туысыңнан  түңілме,

(Алла  халап,  аузыма  сөз  салды  ма?)

–Түсіндіріп  көрші  түркі  тілінде,

Атажұрттан  келіп  тұрмын  алдыңа!

 

Кеден  жігіт  жадыратты  қабағын,

Ағылшынша  сұрағы  да  қысқарды.

Біз  тірелген  тығырықтан  жаңағы,

Түбі  туыс  Түркі  тілі  құтқарды.

 

 

*  ағл.  – ағылшынша  сөйле.