Есімің – елдің  байрағы,

Есімің – ғарыш  айлағы.

Ерлерді  жерге  қаратпас,

Есімің - намыс  қайрағы.

 

Шабуылдардың  ұраны,

Саятшылардың  қыраны,

Қорғайтын  пәле-жәледен

Көкеңнің  таққан  тұмары.

 

Арайлы  таңның  шапағы,

Айдарлы  тудың  шашағы.

Айбынды  сұсы  батырдың,

Бүгінге  жеткен  атағы.

 

Сүрінбей  өтер  сындардан,

Есімің - сенім  шыңдалған.

Есімің – аңыз, 

                      халықтың

Дастандарында  жырланған.

 

Есімің – көзі  көсемнің,

Есімің – сөзі  шешеннің.

Ырымдап  ұлым  өзіңді

Айбар  деп  көкке  көтердім.

 

 

 

               ***

 

Бұл  нәресте,

Нені  біліп  күледі.

Тіл  шықпастан  қабыл  болып  тілегі,

Бесігіне  төніп  тұрған  екеудің,

Ділін  сезіп,  лүпілдейді  жүрегі.

 

Бізді  қойшы,

Тумай  жатып  бұл  өзі,

Ғаламзаттың  құпиясын  біледі.

Ата-ананың  аспаннан  кеп  аяғы*,

Тұрғандығын  қызық  көріп  күледі.

 

 

*Нәресте  тіршілікті  төңкерілген  түрде  көреді.