Талай-талай  торабында  жорықтың,

Түн  жамылып,  ай  жастанып  қоныппын.

Жеткенімде  пайғамбардың  жасына,

Жаным, сенің  жанарыңа  жолықтым.

 

Кенде  емессің  көздің  құрты – көріктен,

Бокал  бөксе,

                    құмырсқа  бел  келіскен.

Мен  өзіңе  ұлым  үшін  қарызбын,

Алтын  көрсе  жолдан  таяр  періштем.

 

Қылығымды  құдай  кешсін  сәл  есер,

(Хақың  да  бар  айдағыны  дәметер).

Алшақ  жатқан  екі  шаршы  дәуірміз,

Айбар  бірақ арамызға  дәнекер.

 

Артық  ауыз  сөз  жоқ  менің  тілімде,

Соған  бола  тіршіліктен  түңілме.

Тілімде  емес  саған  айтар  сөздерім,

Жатыр  ұйып  жүрегімнің  түбінде.

 

Не  қыласың  шайпау  сөзге боп  құмар,

Айтылған  сөз – атылған  бір  оқ  шығар.

Менің  саған  айтылмаған  сырларым,

Еш  ғашықтың  жүрегінде  жоқ  шығар.

 

 

 

***

 

Тағдырдың   жазғаны  ма?

Қаратпай  жан-жағыма.

Жүрегім  қалды  тоқтап,

Жетті  де  арманына.

 

Күл  болып  бар  асылым,

Алқындым,  алас  ұрдым.

Біртіндеп  барады  өшіп,

Қара  алмас – қарашығым.

 

«Тәубе  қыл,  қанағатым,

Шықпасын  жаман  атың.

Өзіне  тапсырайын,

Алланың  аманатын.

 

Сертіңді  қабылдадым,

Қош  енді,  ғазиз  жаным!» –

Қайырдым  тілді  күрмеп,

Аятын  калиманың.

 

...Алладан  медет  тілеп,

Дұға  оқып  сен  түнімен.

«Мен  үшін  керексің»–деп,

Шақырдың  жер  түбінен.

 

Талпынып  қыран  жаным,

Қайтадан  қиялдадым.

Өмірді  қияр  едім,

Өзіңді  қия  алмадым!