Айыптауға  асықпа,

Салма  маған  қыл  бұрау.

Қарақшы  мен  ғашыққа,

Қамқор  болған  түн  мынау.

 

Өмір  силар  ұрпаққа,

Әйелмін  мен  көрікті.

Өледі  жұрт  сырқаттан,

Ұяттан  кім  өліпті?

 

Қош  бол  күлкім, 

                           қайғым  да,

Сенімдімін  өзіме.

Бүгін  анау  айдың  да, 

Шөп  саламын  көзіне.

 

Кім  жатады  ақталып,

Тәуекелге  бұрса  бет.

Қорамсақта  сақталып,

Қалған  шығар  бір  шәует.

 

Өзің  үшін  серт  еткем,

Өшсін  күдік  тұманы.

Егде  тартқан  еркектен,

Егемен   ұл  туады

 

 

 

                          ***

 

Боран  ұлып,  бастан  бақ  ұшты  мүлде,

Шатынаған  шыңылтыр,  қысқы  күнде,

Ұшып  кеткен  түстікке  қарлығашым,

Шақырамын  өзіңді  құс  тілінде.

 

Қиял  шарлап ,

               ғарыштық  шепті  бұзып,

«Құдіретті  қуаттан»*   кетті  қызып.

Ақ  түтектің  ішінде  алаулайды

Суық  торғай  төсіндей  бет  қызылы.

 

Екі  әлембіз  екеуміз,

                                  түсінемін,

 «Жанамалы  жиһанда»*   түтін  еміп,

Самұрықтың  тұтатам  қауырсынын,

Қысқа  түнде  енсем  деп  түсіңе  бір.

 

Ақын  деген – есуас, 

                                ерке  халық,

Алау  сезім  өзекті  өртеп  анық.

Асығамын  жеткенше  құшағыңа,

Кетпегенше  түсімнен  ерте  оянып.

 

 

*Еш  теңдесі  жоқ  Алла – представлется  как  «сгусток  энергии»

                                                - «құдіретті  қуат»  деген  жөн

*«паралельный  мир» -  бар  екенін  дәлелдеудеміз.

 

 

 

                  ***

 

Қараңғы  түн. 

Ауырлап  кірпіктерім,

Көзден  ұйқы  қашады  үркіп  тегі.

Шиырлайды  миымның  шатқалында,

Нейрондардың  шытырман  бүртіктері.

 

Ой  өзені  жөңкіліп,  қаңғып  ағып,

Өткен  өмір  санамда  жаңғырады.

Құлағыма  жетеді  еміс-еміс,

Ұйқыдағы  санамның  сандырағы.

 

Шарапсыз  мас  кешегі  думан  қалып,

Жүз грамдап  қоямын  удан  да  алып.

Жас  сұлуға  көз  салсам  қыр  соңыма,

Өсек-аян  түседі  сумаң  қағып.

 

Түнертеді  жыл  сайын  бұлт  қабағын,

Гүлдер  екен  қаншама  Құртқа - бағым.

Қылкөпірдің  үстінде  қаз  басамын,

Ұры  көздер  тұс-тұстан  сұқтанады.

 

Берекесіз,

             беймаза  жел  өтінде,

Жүрек  бейбақ  сөйлейді  көне  тілде.

Нәрестелі  Мадонна  құшағымда,

Рафаэлдің  өзімін,  көресің  бе?

 

Ұйқым  қашып  кірпіктің  арасынан,

Ояна  да  алмаймын,  аласұрам.

Кәміл  пірім!,

Тірліктің  тауқыметін,

Аластай  көр  ұлымның  анасынан.

 

 

 

              ***

 

Жеті  тәулік  жанары  тұмандатып,

Шабыттанып  тың  ойдан  тұмар  басы,

Жер, ЖиҺанды  сомдаған  Тәңірімнің,

Әйел  шығар  ең  үздік  шығармасы.

 

Әйел  биік  тірліктен  несіп  терген,

Әйел  асқақ  пендеден  бесік  көрген.

Әйел  үшін  топырақ  құнарсыз  боп,

Қабырғасын  Атамыз  кесіп  берген.

 

Ерік  берсе  бір  сәтке  Хақ-Тағалам,

Құзырыма  бағынып  жатса  ғалам.

Жаһаннамға  жолдар  ем  еркектерді,

Әйелдердің  үмітін  ақтамаған...

 

Ал  өзім  ше?...

                 лүпілдеп  бүкіл  денем,

Бар  күдіктен  арылып  түтіп  жеген,

Хауа-қыздың  орнына  қабырғамнан,

Сенің  асыл  бейнеңді  мүсіндер  ем.

 

 

 

***

 

Күнге  сені  теңедім  лапылдаған,

Шуағыңа  шомылып  жатыр  ғалам,

Күн  жақындап  келеді  ғаламшарға,

Тіршілікке  төндіріп  ақырзаман.

 

Басқа  теңеу  түнектен  таппадым  да,

Айға  сені  теңедім   аспанымда.

Ай  алыстап  барады  ғаламшардан,

Ақырзаман  бұның  да  астарында.

 

Көнбіс  көлік  секілді  көнтері  едім,

Сүйреп  келем  сезімнің  тертелерін.

Ай  болып   алыстасаң, 

                                    үсіп  өлем,

Күн  болып  жақындасаң, 

                                       өртенемін.

 

Апогей  мен  перигей – бірақ  әлем.

Қылығыңа  төзім  жүр  шыдап  әрең.

Орбитадан  бір  күні  тайып  түсіп,

Құрдымыңа  қаперсіз  құлап  өлем.