Кезінде...

Түнекті  түріп  нұрлы  күн,

Түсіпті  пәрмен  Тәңірден.!

«Ғашықтар  көрмей  бір-бірін,

Жанымен  сүйсін,  тәнімен!

 

Құзырын  Хақтың  күтетін,

Ұйқысыз  түндер  көз  ілмей.

Ойланбай  отқа  түсетін,

Көзсіз  болу  шарт  сезімге!»

 

Өзекті  өртеп  жалын  дем,

Бір-бірін  көрмей  торығып,

Психея  жүрді  Амурмен,

Қараңғы  түнде  жолығып.

 

Мызғымас  Хақтың  жарлығы,

Көріссең  қалдың  айыпқа.

Тәрік  боп  сәтте  барлығы,

Енеді  Амур  Аидқа.

 

Өзің  де...

Көзге  ілмей  қырау  шашымды,

Әжімді  көрмей  бетімнен.

Елемей  егде  жасымды,

Қалып  ең  танып  есіңнен.

 

Ақылдан  таппай  еш  пайда,

Есуас  болып  қал  ұдай.

Есі  кіргенде  Естай  да,

Хорланды  қалған  танымай.

 

Бұйырма  мені  айыпқа,

Сезіммім  осы  сенетін.

Егіліп  енсең  Аидқа,

Соңыңнан  менмін  енетін.

 

Пәруана-жүрек  ақынды,

Жұбата  алмас  ақылгөй.

Жалындым, 

               махаббатымды,

Құтқара  көрші  Апулей.

 

Купидон  құдай – жарықтық,

Мендегі  дертті  білмейді.

Екі  дүниені  тәрік  қып,

Жүрегім  сені  іздейді.

 

Демімдей, 

              ыстық  қанымдай,

Жанымдай  болған  серігім.

Соқырдың  саусақтарындай,

Іздейді  сені  ерінім!!!

 

 

*Қанатты  қыз  бейнелі - /шыбын  жан/, Амурдың  ғашығы.