Қадамыңа  гүл  бітіп,  жөргем  ілген,

Сен  келесің  мен  кеше  жүрген  ізбен.

Біреу  ерте,  біреу  кеш  жолға  шықтық,

Көктемдесің  сен  әлі, 

                                  күздемін  мен.

 

Қызығыңды  аулақпын қызғанудан,

Қысым  күтіп  тұр  алда  ызғар  ұрған.

Жанарына  шық  тұнған  жауқазыным,

Кішісің  сен  бойжеткен  қыздарымнан.

 

Бүр  жарасың  көктемді  дүр  еткізіп,

Бұлданамын  басымнан  күз  өткізіп.

Саған  гүлдеу  ғанибет,

                                  маған  парыз,

Жемісімді  үлгеру  үлестіріп.

 

 

 

                     ***

 

Зеңгір  көктің  күмбірлетіп  шанағын,

Әлем  бізге  шытпаушы  еді  қабағын.

Уыздайын  ұйып  тұрған  көңілге,

Рауандап  таң  түретін  жанарын.

Ескермеппіз,

                   қызғаныштың  құйрығы,

Шаян  болып  абайсызда  шағарын.

 

Зәмзәм  суын  бөліп  ішкен  тұмадан,

Әдемім-ау,

                  ада  едік  қой  күнәдан.

Уысымда  үлбіреген  үмітім,

Рулы  елдің  өсегіне  шыдаған.

Еш  күмәнсіз  кештер  қайда  кешегі,

Шаттық  болып  құшағыма  құлаған.

 

Зүбәржат-жыр  оқып  отыр  жасыл  бақ,

Әсем  қайың  бас  изейді  мақұлдап.

Уайымға  батпайықшы  бекерге,

Рахатқа  бөленетін  ғасырда.

Есіміңді  қарға  жазам  қаңтарда,

Шұнақ  аяз  жанып  кетсін  лапылдап

 

 

 

 

                  ***

 

Көл  шетінде, 

көктемгі  жел  өтінде,

Айқара  ашып  құшаққа  енесің  де,

Қолаң  қара  шашыңа  тұншықтырып,

Тарылғанша  тынысың  өбесің  кеп.

 

Құзырыңды  құпия  түн  білетін.

Толқын  үнін  өшірді  күмбір  етіп,

Жалаң  аяқ, 

                шешіп  кеп  кебісіңді,

Кірпігіңмен  қытықтап  күлдіресің.

 

Жұлдыз  сөнді  жүзіңді  айшықтаған,

Ғарышта  ағып  барады  қалқып  ғалам.

Өткен  түнді  өшіріп  жүрегімнен,

Базарынан  қызықтың  қайтып  барам.

 

Желік  кеміп,

Үп  еткен  жел  де  кеміп,

Азайғандай  бақта  құт,  көлде  көрік.

Кәусар  күлкің  құлаққа  естілмейді,

Естімейсің  үнімді  сен  де  менің.

 

Түнгі  мұнар  өшеді  етіп  қылаң,

Шалғын  шөпті  шық  тұнған  кешіп  тынам.

Айдын  көлдің  төсінен  көтеріліп,

Айнам  көзге  барады  көшіп  тұман.

 

 

 

                      ***

 

Нәзік  бейнең  ай  нұры  кескіндеген,

Толқиды  түн,  сыбдыры  естілмеген.

Елестейді  ақ  тұман  арасында,

Нәзік  бейнең  Ай  нұры  кескіндеген.

Барқын  көкте  жұлдыздар  бал  ашуда,

Миллион  жылдар  шешімі  ескірмеген.

Қалар  ма  екен  ақынның  санасында,

Нәзік  бейнең  Ай  нұры  кескіндеген.

 

Бәлкім  мына  дарияның  жағасында,

Елес  болып  ақ  тұман  арасында,

Толқып  ағып  торғын  түн – көшкінменен,

Маған  мәңгі  бұйырмай  қаласың  ба?

Нәзік  бейнең  Ай  нұры  кескіндеген,

Қалар  ма  екен  ақынның  санасында.

 

Қайтсем  саған  жетемін,  ұшамын  ба?

Қараңғы  түн  батырды  құса-мұңға.

Нәзік  бейнең  Ай  нұры  кескіндеген,

Лүпілдейді  жанымның  бұтағында.

Ағып  барам  ілесіп  екпінге  мен,

Күміс  сырға  сыңғыры  естілмеген,

Үлбірейді  үміттей  құшағымда,

Нәзік  бейнең  Ай  нұры  кескіндеген.