(Раев Серікқали  қажыға)

 

Шексіздікке  санамыз  құлаш  ұрды,

Мәңгі  нұрдан  жаралған  тұма  сынды.

Он  сегіз  мың  ғаламның  сырын  ашқан,

Қарсы  аламыз  қалғымай  мына  түнді.

 

Мәуліт  түнде 

Сезініп  Ай  жанғанын,

Кіндігіммен  ғаламға  байланғамын.

Әмина - Ана  тербеді  тал  бесікте,

Тәңірімнің  сүйікті  пайғамбарын.

 

«Лә  иллаһа  илалла» – Алла  жалғыз,

Иман  жолын  тіледік  Алладан  біз.

«Мұхаммад  Расул  аллаһ»  хадистерін,

Тал  бесікте  жатып-ақ  таңдағанбыз.

 

Қайсарлықпен  қажымас  ерге  біткен,

Тауқыметін  тағдырдың  тең  бөліскен.

Отыз  үш  мың  сахаба  осы  түннен,

Ада  бола  бастады  пенделіктен.

 

Дінсіздіктен  осылай  құтылғанбыз,

Ақ  ниетті  Аллаға  ұсынғанбыз.

Құран  сөзін  қасиет  тұтатұғын,

Мұхаммедтің  үмбеті

                              – мұсылманбыз.

 

 

 

           ***

 

Толғатып  шықты  қала  түнімен,

Шырылдап  құрыш – шарана.

ГРИНПИС-тің   қарашығымен,

Қарайыншы  бір  қалама.

 

Шынымен  жерге  қауіп  төне  ме?,

Түтінге  далам  тұншығып.

Мен  тұрмын  үнсіз  Жауыр  төбеде,

Қисық  ағаштай  қырсығып.

 

Төл  табиғаттың  құлдығын  сезген,

Тірлікке  үнсіз  үңілем.

Бұлдырық  анау  ризығын  терген,

Ақ  селеу  шөптің  түбінен.

 

Құландар  үркіп, 

                жапалақ  жылайды,

Қойдан  да  жуас  бұл  маңда.

Протон  келіп  төбеңе  құлайды,

Құдай  төбеден  ұрғанда.

 

Шықпаған  көзім,  көріп  келемін,

Қырларды  кепкен  тандыры.

Апанның*  жатыр  көміп  көмейін,

Сынаптың  улы  қалдығы.

 

Сайғақтың  сайда  сәні  де  кірмей,

Ауа  да, 

            жер  де  тарылып.

Қырылып  қалды  өзі  де  білмей,

Белгісіз   дерттен  қағынып.

 

Қырлардың  қаңқа,  бедері  қалса,

Құрдымды  кезіп  жаңғырық.

Білмейді  ешкім,  төзеді  қанша,

Табиғат  Анахандығы...

 

Алланың  ақтық  көмегін  іздеп,

Жықпылға  бұқты  бұлдырық.

–Құдайға  шүкір,.. 

Өлеміз  біздер,

Үлгермей  бәрін  бүлдіріп.!

 

 

*Апан – Полигонға  айналған  Теміртау  маңы

 

 

 

             ***

 

Не  силаймын  мен  саған?...

Кеудеңдегі  күдікті,

Күте,  күте  шаршаған

Үзілмейтін  үмітті.

 

Шаршап  келіп  жұмыстан,

Қалжыраған  кештерді.

Ұйқысыз  түн – зымыстан,

Қалдырмайтын  еш  белгі.

 

Тағдырыңа  табынып,

Тұншыққанда  тым-тырыс.

Жанартаудай  жарылып,

Шығады  іштен  күрсініс.

 

Жастығыңды  сүйгізіп,

Өксіттім  бе жаныңды?

Маңдайыңа  тигізіп,

Ыстық  алақанымды.

 

Тамсандырған  таңдайды,

Тамшы  жасың  сүйікті.

Кигізе  де  алмаймын,

Саусағыңа  жүзікті.

 

 

Жүрек  мынау,

                       алқынып,

Жар  жүгінен  шаршаған.

Бұдан  басқа,  жарқыным,

Не  силаймын  мен  саған.