Өмір–елес!

Нанасың  ба?

Таусылмайтын  әттеңі.

Өң  мен  түстің  арасында,

Барады  өтіп  сәттерім.

 

Мәңгілік  бар,

Біз білмейтін,

Бірақ  бәрің  баратын.

Түсініп те  үлгірмейсің,

Сәттеріңнің  бағасын.

 

Қас-қағымда,

                   адамдардың,

Қанбай  жатып  құмары.

Дөңбекшіген  ғаламшары,

Күнді  айналып  шығады.

 

Тізгініңді  ұста  мықты,

Мінсең  атқа,

                    таққа  да.

Күрмеп  үлгер  қысқа  жіпті,

Өмір  деген  сәт  қана.

 

Ғасыр  шығар,

                     кім  біледі,

Лүп  еткенше жүрек бір.

Аққан  жұлдыз  үлгіреді,

Жарқ  еткізіп  түнекті.