Анамның  тілі – ардағым  менің,

Ақ  сүтпен  емген  арманым  менің.

Өзіңмен  бірге танылып  елге,

Алаңсыз  өткен  арда  күндерім.

 

Мәуелі  тілдің  бұрымды  бағын,

Өсірген  баптап  бұрынғыларым.

Мақалмен өрген  даналық  сөзбен,

Ашып  ең  маған  білім  бұлағын.

 

Елдіктің  тінін  қорғайтын  дәйім,

Тілімде  жатыр тозбайтын  дарын.

Шешендер тілмен  түйін  түйіпті,

Тіспенен  шеше алмайтындайын.

 

Аңыздарына  сыр тұнған  ғалам,

Сомданып  тұлғаң  тұрсың  жан  бабам.

Ертектеріңе  еніп  түсімде,

Бесік  жырынсыз ұйқым  қанбаған.

 

Намысқа  шапсаң,  бүйірден  тіліп,

Қылышқа  қарсы  шүйілген  тілім.

Әділін  айтқан  Бидің  сөзіне,

Ханның да басы  иілгентұғын.

 

Сайыста– қыран, мұзбалақ  құсым,

Сезімде–қылаң  қудай  ақ  мүсін.

Сүйінген  сәтте  балдай тәттісің,

Ашынған  сәтте  удай  ащысың.

 

Өзіңмен атты  таңдарым  керім,

Өзіңмен өтсін  алда  күндерім.

Бабамнан  қалған байрағым  едің,

Анамның тілі–ардағым  менің.

             

 

 

  

                    ***

 

«Көшпенділерде  екінің  бірі  Ақын» – деп,

         Айтпаған текке,

                        сөздікте біздің  нақыл  көп.

Даланың  тілі – дананың  тілі, 

                                                   білмесең,

Қазақтан  туып,  «қазақпын»  деуге  хақың  жоқ.

 

Қастерлеп  келген  алаштың  алты  ұлысы,

Ата-бабаңның тілінде  жаны,  тынысы.

Ана  сүтімен  қанына  сіңген  қазақтың,

Киелі  тілін  кеспеген  ханның  қылышы.

 

Бәрі  бар  сенде:

Арқа  сүйейтін  шыңдарың,

Дүбірлі  далаң, 

                   бедерлі  бесік–құндағың.

«Мен  қазақпын»  деп  кеудеңді  соқпа  бірақ та,

Білмесең  жатқа  Жұбанның  жасын  жырларын.

 

Сапырса  жырау  сұрапыл  сөздің  дауылын,

Бір  сөзі  бидің  қайтарған  бетін  жауының.

Қабылдай  алсаң тілі  мен  ділін, 

                                                          дәстүрін,

Қазақтан  тумай Қазақ  боласың  бауырым.