Жауда  қалса  қайтер  ең  қандастарың,

Шемен  шердің отырмын  қозғап  бәрін.

Бармысыңдар қатыгез  зар заманда,

Ағайыннан  көз жазған боздақтарым.

 

Көн  етікпен  қыр  кезіп кеттіңдер  де,

Тар  жол  тайғақ  кешуден өттіңдер  ме?

Ауыздықпен су  ішкен  арғымақтар,

Арып  ашып  үйірге  жеттіңдер  ме?

 

Сүйінбеске бола ма  шақта  мына,

Ат  айналып  қазығын  тапқанына.

Бір  шоқжұлдыз  жолықты  жамырасып,

Түтін  шалған Теміртау аспанында.

 

Туыстық  нұр  шашырап  көздеріме,

Шақырамын,  шығыңдар төрге  міне.

Үркіп  ұшқан  сезімтал  аққуларым,

Құлазыған  қоныңдар  көлдеріме.

 

Жетпесе де жұртымда күтім  мейлі,

Жыртығыңды  пейілмен  бүтіндейді.

Қаламызда   азғантай  ағайынның,

Сендер үшін жүрегі лүпілдейді.

 

Айнымас бабалардың сертін  күткен,

Айрылмай  келе  жатыр ел тірліктен.

Көппен  бірге  көретін  ұлы  тойға,

Қосылыңдар  егемен, еркіндікпен.

 

 

 

                     ***

 

Топанынан  тарихтың  қалғанда  аман,

Ата жұртсыз  үмітім  жалғанбаған.

Топырағы  бүлк  етіп  тартады  кіл,

Кіндік  қаны Бабамның  тамған  далам.

 

Қанатымның  астынан  сағым  қашып,

Алыс  кетсем  даламнан жазым  басып.

Тынысымды  жұпары тамсандырып,

Табанымды  тартады  жазирасы.

 

Қуырылып  даланың төсі  күнге,

Титықтаса тарихтың көші  мүлде.

Қазақ  деген көшпелі  керуеннің,

Дәуірінен  хақы  жоқ кешігуге.

 

Арылмаған  серілік  сан  әдеттен,

Дастарқандай  киелі  дала  неткен,

Бір  түйір  дәмін  татып аттанғандар,

Бір  уыс топырағын  ала  кеткен.

 

Көне  аңызды қария  айтады  ептеп,

«Елу  жылда ел  жаңа» – қайта  көктеп,

Топырағына  егілген  түйіршік дән,

Жайқалады  келер жыл  бәйтерек  боп.

 

Атамекен  сағынтып  жасыл  алаң,

Қандастарым  тарыдай  шашыраған.

Туған  жерден топырақ бұйырсын  деп,

Жеткізеді  жеріне  басын  аман.