Толассыз көшіп өмір керуені,

Жылдардың  көбегесі сөгіледі.

Шау тартып шыныменен қалдыңдар ма,

Кешегі  бір дәуірдің серілері.+

 

Тағдырдың  шешіп  тылсым  жұмбақтарын,

Сапырдық  сыры  терең  жыр  дастанын.

Өмірдің  бал   мен  уын  бөліп  ішкен,

Қайдасың  құрбылар  мен  құрдастарым.

 

Кезінде жігіт болдық  сері кілең,

Көмейдің  жалын шаштық  көрігінен.

Жасындай  қара түнді жарып  өттік,

Кешегі  жиырма бестің желігімен.

 

Сендерсің  жастық  шақтың  жаңғырығы,

Өмірдің өздеріңмен  бар  қызығы.

Сендерге  мені  әйтеуір қойды  байлап,

Әлемдік тартылыстың  заңдылығы.

 

Сендерсіз  ұзақ  таңға көз ілмедім,

Жүрегім  өздеріңмен егіз менің.

Жапанда  жалғыз  қалған  сәттерімде,

Тал  түсте  шырақ алып сені іздедім

 

Туғандай  болып  едік бір анадан,

Барады дөңгеленіп  мына заман.

Біреуін  бес пейіштің қала десе,

Ортаңды өздеріңнің  сұрап  алам.

 

Алдымда жолым жатыр жеткізбеген,

Қараөткел, Есіл өзен өткізбеген.

Алысып  ауыздықпен келеді  әлі,

Көңілдің  көк дөнені жоқты  іздеген.