МЕН – Соғыспын.

Алапат  ғасырлардың,

Берекесін, бүлдіріп,  қашырғанмын.

«Адам затын  күнәдан  арылтам» - деп,

Жақсылықтың  атымен  ашылғанмын.

 

Оқпен, 

         отпен  тығындап  құлқындарды,

Жанды  жалмап құнықты  ұртым  қанды.

Құрансыз-ақ,

Құдайдың  атыменен,

Құрбандыққа  шалып  ем  қыршындарды.

 

Көз  жасы  боп  жетім  мен  жесірлердің,

Нюрнбергте  жазаға  кесілгенмін.

Сендер үшін  жиһаннан  жұмақ таппай,

Тастап  кеткен  жайым  бар бетін жердің.

 

Жақсы  менен  жаманды  жатсынбаған,

Құлпытастың  бұйыртсын  астын  маған.

«Жаман  ырымға»  балап  бабаларың,

Қанішердің  қабірін  аштырмаған.

 

Сол  ғұрыпты, болашақ, жалғаңыздар.

(Жер бетінде  мен жайлы  қалды  аңыздар).

Жиырмасыншы  ғасырда жерленіп  ем,

Жиырма  бірде  тірілтіп  алмаңыздар.