Ұзатып  бойжеткен  бір  түнін,

Ұйқыдан  оянды  қарашық.

Көтеріп  шымылдық -  кірпігін,

Келеді  қайырлы  таң  атып.

 

Паң  дала  сезімге   шала  мас,

Саф  самал  құрады  еркелік.

Шығыста  күн  тырдай  жалаңаш,

Барады  ұяттан  өртеніп.

 

Көк  күмбез–туырлық  түріліп,

Жалқын  нұр  жаяды  өркенін.

Сәлдегүл  сәждеге  жүгініп,

Көкжиек  барады  көркейіп.

 

Ғарыштың  төрінде  телегей,

Сиреген  жұлдыздар  лүпілдеп,

Комбинат  құрсаулы  кемедей,

Шығысты  тұр  әне  мүсіндеп.

 

Шапағат  таратып  мырза–Күн,

Қайнайды  құрыштың  ошағы.

Комбинат  ырымдап,

                                мұржаның,

Маңдайын  шуаққа  тосады.

 

Басталды  Ұлы  күн  Ұлыста,

Қызырдан  шапағат  күтіңдер!

...Шапқылап  барады  шығысқа,

Құйрығын  көтеріп  түтіндер.

 

 

 

 

      ***

 

Бабаларым  бір  белгі  білсе  тегі,

(Бүгінгілер  белгілі  күлкі  етері).

«Адам  мына  фәниге  келген  сәтте,

Көмер  жерден  топырақ  бүлк  етеді».

 

Желмаяның  жіпсітіп  қолтық  терін,

Қорқыт  бабам  жүрер  ед  жортып  керім.

Төрт  құбыла  сол  кезде  саудаланып,

Жер  жетпесе  қазарға  Қорқыт  көрін.

 

Ат  тұяғы  тозатын  атырапта,

Ашынамын, 

                 кеудемді  ашып  отқа.

Қалтасында  кәуірдің  кеткен  шығар,

Бір  мен  үшін  бүлк  еткен  топырақ  та.

 

Ажал   тісі  ашадай  сақырлаған,

Төнер  бір  күн  маған  да  ақырзаман.

Өлімнен  де  ұят-ау,

                                 мені  қояр,

Тоқымдай  жер  таппаса  сатылмаған.

 

 

 

    ***

 

Дүние – жалған!

Бәріне  келер  бір  кезек.

Қаннен  қаперсіз  түбінде  шидің  сұр  көжек.

Қас-қағым  сәтте  қыршынын  қиып  түсуге,

Қособа  тұстан  мылтығын  мерген  тұр  кезеп.

 

Мергеніңді  де  тұзағы  ілер  тағдырдың,

Түртті  ме  түлен,

Әзәзіл  әлде  азғырды.

Алладан  қорықпай,

                           адамның  басын  доп  қылып,

Теуіп  жүр  адам,  шатқалын  кезіп  Арғынның.

 

Шықты  ма  естен,

                              жүргенде  талмай  өзегі,

Бір  сәтте  біткен  динозаврдың  кезеңі.

–«Келесі  сәтте  өркениетті  жоям» – деп,

Галлактика  тұр  астероидін  кезеніп.

 

 

Құдірет  күшті!

Тарыдай  оған  ғаламың,

Қиямет  күнге  тірейді  бәрі  қадамын.

–«Ғаламшар  түгіл  галлактиканы  жұтам»–деп,

Қара  құрдым*  тұр  апандай  ашып  аранын.

 

 

* черные  дыры, - тартылыс  күші  шексіз  ғарыштағы  құрдым,

        Ғалымдар  галлактиканың  кіндігі  десіп  жүр.

 

 

 

       ***

 

Түсті  тағдыр  ауыр  сынға,

Жиһанданды  заманым.

Тілім ауып  ағылшынға,

Батысқа ауды  қадамым.

 

Миым  тыным  бір  алмайды,

Жүйкемді  құрт кемірген.

Шыққыр көзім ұялмайды,

Порнофильм  көруден.

 

Етер ме екем дінді  құрбан,

Ықпалымен  үрдістің.

Кришнаға  құлдық  ұрған,

Үмбетімін  үндістің.

 

Бакспенен  бағаланды,

Құнды  бұйым  дегенім.

Басым – добы  балалардың,

Тепкісіне  көнемін.

 

Құл боп  біттім жаманға  да,

Мен  несіне мақтанам.

Қолымдағы  қалам  ғана,

Егемендік  сақтаған.

 

 

 

    ***

 

Жыламаймын...

Жонымнан таспа тілгенде,

Табалап дұшпан,

Ағайын  күндеп күлгенде.

Әкесіз  қалып,

Шешесіз қалып, қиналып,

Төбеттер талап,

Кеудеме қанжар тигенде,

Қанды  көйлекті жолдасым кебін кигенде,

Жыламаймын.

 

Қысқа сөзіме,

Құлағын әлем түргенде,

Қарауыл шыңға

Жалауын жеңіс ілгенде.

Масайрап Ана,

Шаттанып сәби  күлгенде,

Қырық  жыл  қырғын, соғыстан аман оралып,

Ағайым үйге кіргенде,

Күтпеген жерден  қуанта қалсаң,

                                                  бір  демде,

Жылай  салам.