Мен  бүгін  арман  қанатындамын,

Төсінде  шыңның  тұғырым.

Егемен  елмін,

                    арасындамын

Жұлдыздар  патшалығының.

 

Тайсалмай  шешіп  тағдырын  елдің,

Жыртығын  жердің  жамадым.

Гелиоскоптар –таңғы  гүлдерім,

Торғынға  тосты  шанағын.

 

Астында  күннің  аласталып  ем,

Тамырым  толған  от-ағын.

Еншілеп  берген  жаратқан  ием,

Жер  шары  менің  Отаным!

 

Бабамнан  қалған  орда,  мекенім,,

Жайлауым  осы, 

қыстағым.

Құрлықты  мына  қорғап  өтемін,

Осында  Қазақстаным.

 

Отаным!

Елім! 

Алтын  бесігім!

Жауыңа  шабам  жасқанбай.

Кеудеммен  жабам  озон  тесігін,

Амбразураны  жапқандай.

 

Бабаларыма  тәу  етемін  де,

(Солардан  қалған  бөрі  едім)

Белімді  будым,  тәуекеліме,

Қиынға  жұмса  мені  елім.

 

Еңсесін  ердің  дала  көтеріп,

Күдіктен  мүлдем  арылдым.

Өмірді  сенсіз  талақ  етемін,

Жаным  құрбаны  арымның.

 

Қанымда  қайнап  алапат  сезім,

Қапасты  бұздым, 

                             азатпын.

Еншіңе  біреу  алартса  көзін,

Құрбаның  болар  Қазақпын.