Теміртау – ғұмыр  баяным,

Көгіңнен  қанат  жаямын.

Муза  ғып  саған  сыйладым,

Алпыстың  өгіз-аяңын...

Өзектің  төктім  жырларын,

Өлеңім –

Өмірбаяным.

 

Ерідім  саған  діліммен,

Тұмам  да  сен  деп,

Тұнығым.

Алпыстан  астым  бүгін  мен,

Жассың  ғой, ал, сен, құлыным.

 

Телегей  төсің  теңіз  деп,

Тебрене  сені  құшқанбыз.

Келеді  талай  сені  іздеп,

Мен  сынды  небір  ұшқан  құс.

 

Қызыққа  талай  батасың,

Қызықтап  көкке  ұшқанды.

Құс  базары  боп  жатасың,

Қарсы  алып  бала  құстарды.

 

Бұлттарға  батып,

Қиянға –

Самғайтын  енді  келді  сәт.

Балапан  басып  ұяңда

Қалады  о  да  мен  құсап.

 

Өткен  шақ  кірсе  түске  бір

Босата  берме  бекер  бой.

...Қамшының  сабы – қысқа  өмір –

Құстың  базары  екен  ғой...