1         

                       ПРОЛОГ

 

Теміртау  -- ғұмырбаяным,

Көгіңнен  қанат  жаямын.

Муза  ғып  саған  сыйладым –

Алпыстың  өгіз – аяңын.

Өзектің  төктім  жырларын,

Өлеңім  -- өмірбаяным.

 

Оянып  ала  таңымнан,

Асау  шабытқа  бөлендім.

Шықтым  да  Алатауымнан,

Оралдан  аса  жөнелдім.

 

Бұлттардың  ұштым  қасынан,

Жеткізбей  кеттім  құстарға.

Қазанның  мұнарасынан,

Қарадым  Қазақстанға.

 

Сүйеніп  зәулім  ағашқа,

Жұлдызды  түнде  сандалдым.

Алыстан  қарап  Алашқа,

Алыптығына  таң  қалдым.

 

Дүние,

Маған  шалқайма,

Телегей  төсім  теңіз  деп.

Атырау –

Арқа –

Алтайда  --

Алашым  жатыр  мені  іздеп!

 

Елім  деп  жүрек  сыздады,

Соңымнан  жұлдыз  шам  жағып.

Қазанның  ару  қыздары,

Қасыма  келді  арбалып.

 

Қырық  өрім  бұрым,

Екі  өрім,

Мойнымды  құшып  қысқанда.

«Бәріңді  алып  кетейін –

Дедім  мен  --

Қазақстанға!»

 

Оңымнан  шығып,

Солымнан,

Жанымды  бәрі  арбады.

Біреуі  еріп  соңымнан,

Егілді  артта  қалғаны.

 

Тек  елес  қалды  сол  күннен,

Азамат – жүрек,

Ар  қалды.

Арқаға  келіп  қондым  мен,

Асау  жыр  буып  арқамды...

 

Тер  буып,

Шаршап  қалдым  ба,

Жуайын  жырға  бетімді.

Теміртау  жатты  алдымда –

Жиделібайсын  секілді.

 

 

 

  1. Қорқыттың  күйі  -  „Жауыртау.“

                       

Әлемнің  сиқыр  үнін  үйіре  кіл,

Салайын  «Жауыртаудың»  күйіне  бір.

Қобызым  бір  әуенге  сүңгіп  кірсін,

Ғұмырда  естімеген  дүние  бұл.

 

Жоқты  онда  осы  күнгі  жын,  пәлең  де,

Келмеген  тәңір  мен  пұт  діндар  елге.

Батыс–жоқ,

Шығыс  та–жоқ  онда  мұндай,

Хаос  бар 

Қара  дүлей  мұңды  әлемде.

 

Жоқ  онда  әзәзіл  де,  сайтаның  да,

Өшеді  үн  жаңғырығы  қайтарылмай.

Оңтүстік,

Солтүстік  жоқ  бұл  фәниде,

Болмайды  ол,

Дүниені  қайта  құрмай.

 

Адамзат,

Түрің –суық,

Түбің–дүлей,

Рухың – мәңгі,

Тәнің – үгіндідей.

Онда  әлем  бүгінгідей  ұйықтамаған,

Онда  әлем  оянбаған  бүгінгідей.

 

Жоқ  онда  кезегендер  сап  құраған,

Өлім  жоқ,

Өмір  де  жоқ  бақ  сынаған.

Темір  жоқ,

Тебен  де  жоқ,

Терсек  те  жоқ,

Құрдымда  мұз  құрсанып  жатты  ғалам.

 

Онда  ана  толғатпаған  бала  тілеп,

Көрмеген  көктем  келіп  дала  түлеп.

Күн  де  жоқ,

Гүл  де  жоқ-ты  Жер  бетінде,

Ғаламзат – қара  пиғыл,

Қара  түнек!

 

Жаратқан  Жаппар  Ием  ойға  қалды,

Даналық  жан – жүйесін  бойлап  алды.

Боятты  аппақ  нұрға  дүниені,

Оятты  бір-ақ  сәтте  Ой –

Ғаламды.

 

Бір  сәтте  дүниеге  күн  жаралды,

Жаһанды  жасаулап  бір  нұрға  малды.

Жер,  Көктің  тамырына  жан  жүгіріп,

Сомдады  қайта  Тәңірі  бұл  ғаламды.

 

Ілініп  көкжиекке  Күн – тұмары,

Жер  тәнін  жібітеді  нұр  шуағы.

Жаһанға  жан  бітті  де,

Жасын  тулап,

Күн  нұры  гүл  лебімен  шұрқырады.

Бес  құрлық –

Бес  кілемдей  құлпырады.

Адам  мен  Хауа  түсті  Жер  бетіне,

Білмейтін  нәсілі  мен  ұлтын  әлі...

 

Көмкеріп  көкжиекті  күн  келеді,

Жер-Ана  жасыл  жәннат  түрге  енеді.

Күн-Ыра  мейірінде  тылсым  жанып,

Хауызы  махаббаттың  бүршік  жарып,

Зұлымдық  бұғып  қалды  үндемеді...

 

 О, Тәңірі!

Ақ  нұрыңа  ора  мені,

Өн-бойым  кәусарыңа  толар  ма  еді?

Адам  мен  Хауа  айықса  күнәсінан,

Адамзат  бұдан  бөлек  болар  ма  еді?!

Абылды  Қабыл  ұрып  өлтірді  де,

Зұлымдық  қайта  туды  содан  бері.

 

Қандай  сұм  адамзатты  алалады,

Ашылып  бара  жатыр  аралары.

Түндейін  түнек  салды  дүниеге,

Қабылдың  қаннан  туған  балалары...

 

Бауыры – бауырына  қарамады!

Ғаламды  қанды  сүргін  аралады,

Келеді  қашан  осы  тәубесіне,

Қабылдың  қаннан  туған  балалары?!

 

Топаннан  тірі  қалған  құтханасы,

Үш  нәсіл –

Пайғамбардың  үш  баласы,

Хауаның  көзіндегі  үш  қарасы,

Қолында  найза,  қылыш,  ұстарасы,

Ұрыссыз  сіңбейтұғын  ішкен  асы, –

Береке,  тыныштық  жоқ  бес  құрлықта,

Үш  нәсіл –

Пайғамбардың  үш  баласы,

Хауаның  көзіндегі  үш  қарасы...

 

Қан  ішіп  айқасса  да  қасыменен,

Күнәсін  көтерген  жоқ  басыменен.

Келгенде  Тас  Дәуірі,

Бірін-бірі –

Өлтірді  сол  дәуірдің  тасыменен!

 

Өткізіп  Қола  Дәуір  көшін  алға,

Тапқанда  көне  тарих  тосын  арна.

«Ақ  темір  ат  басындай»  киесі  бар,

Бір  жәннат  Тау  болыпты  осы  маңда.

 

Көліне  күн  үңіліп – күміс  тебен,

Қараған  болашаққа  үмітпенен.

Осы  өңір

Құтты  мекен  болыпты  мыс,

Аңы  да  адамынан  үрікпеген.

 

Тимеген  солтүстіктің  салқын  демі

Жапырақ, 

Мәңгі  жасыл  тартымды  еді.

Жемісі  күн  шырынын  еміп  өскен,

Бөленген  құс  әніне  бал  түндері.

 

Шыңдардың  мұхит  құлап  аяғына,

Шарқатын  мәңгі  жасыл  жаяды  бақ.

Құланы  қойдан  жуас,

Саяғы  да,

Аңшының  сүйкенетін  таяғына.

Зіл  жусап,

Керіктері  кердең  басып,

Жүріпті  осы  маңда  баяғыда.

 

Ұйытып  ынтымақты  бір-ақ  арман,

Тамады  кәусар  тамшы  тұмалардан.

Ақша  бұлт  шыңның  төсін  сүртіп  өтіп,

Тазалық  таңғы  шық  боп  тұна  қалған.

 

Жайқалып  мәуелі  бақ – жасыл  тоғай,

Тіршілік  қатар  емген  жатырқамай.

Жазықсыз  жыртқышы  да  қан  төкпеген,

Өтіпті  ғажайып  бір  ғасыр  солай.

 

Сандал  тау  зерлі  жұмақ  қақпасындай, 

Ұлығы  кішік  болған  патшасынбай.

Уыздай  ұйып  тұрған  тіршіліктің,

Киесі  ТЕМІР  еді  ат  басындай.

 

Жадында  жұлдыздардың  табы  қалған,

АҚ  ТЕМІР  АТ  БАСЫНДАЙ,

Бағы  жанған.

Ғарыштың  түкпірінен  тамып  түсіп,

Кербез  шың  кеудесіне  тағып  алған.

 

Мейірім  төгіп  нұрдан  бұл  өңірге,

Кие  боп  тұрақтапты  қыр  елінде.

Құрышқа  Расулдай  табынғанның,

Ұйыған  Көк  Тәңірі  жүрегінде.

 

Тұратын  ай  сәулелі  мұнар  тамып,

Темірге  ашқарақ  көз  құмартады.

«Бейішті  бодан  қылып  аламыз» –деп,

Зұлымдық

Шыға  келді  ұран  салып.

 

Жейтұғын  жемтік  керек  қу  қарынға,

Досың –жат,

Елің  де – жау,

Туғаның  да.

Аттанды  соған  бәрі, лап  қойды  кеп,

Тастай  сап  тойы  менен  думанын  да.

 

 

Аяр  жау,

Таусылмайтын  айла-амалы,

Алдаспан, найза,  қылыш  байланады.

Түркінің  түпкі  ойын  қайдан  білсін,

Келеді  жер  жәннатын  жайлағалы.

 

Тамұқтың  төңкеріліп  тайқазаны,

Сопының  қанға  бөкті  жайнамазы.

Жалмауыз  тіміскіді   төңіректі,

Жалақтап  жылан  тілді  найзалары.

Қайғыдан  күңіреніп  Күн  шығады,

Қан  жұққан  бұлт  бүркеніп  Ай  барады...

–Кешегі  жұмақ  бүгін – Қайғы  алаңы.

 

Сұм  соғыс  бар  асылын  тонап  алған,

Бұлақтар  көз  жасынан  сора  болған.

Құрдымға  мұхит  сіңіп,

Аңдар қашып,

Жапырағын  төгіп  салды  қаралы  орман.

 

Қаптаған  түмен  құрсап  айналаны,

Шаң  басты  қара  түнек  сай, 

Даланы.

Тапталып  тұяқтармен  киелі  Тау,

Қан  құсып.. 

Жауыртауға  айналады...

 

Бейқамдық  бір  сұмдыққа  ұшыратты,

Жәннаттың  киесі  мен  құты  қашты.

Әділет –

Ар  алдында  үнсіз  қалып,

Бұл  жолы  зұлымдықтың  мысы  басты.

 

Күн  батты  қауырсынын  қанға  малған,

Қалғыды  фәни – жалған,

Жалған – арман.

Қарсылық  көрсетпеген  жауыздыққа,

Мейірім

Мықтылығың  қайда  қалған?.

 

Қанды  көз 

көршісіне  жалақ  қағып,

Қазір  де  жатыр  әлем  жарақтанып.

Алайда,

Адал  ниет  тіршіліктің

Үмітін  өшірмеген  жаратқаным.

 

КИЕні,

Қаңсып  қалған  бағы  жанбай,

Хас-Батыр  алып  шыққан, 

Жаны  қалмай.

Жасырып  Жауыртауға,

Дуалаған,

Терменен  аластасаң  табылардай.

 

Адамзат  арам  ойға  арандаған.

Қанменен  бұл  жерді  де  арамдаған.

Жауыртау  қойнауында  КИЕ  қалған,

Қанішер  іздеп  оны...

Таба  алмаған!

 

Дұғасы,

Болашақты  жаңғыртатын,

Аруақты  батыр – бабам  салды  ынтасын.

Қан  сіңген  Жауыртаудың  бөктерінің,

Шарт  еді 

Термен  шаю  әрбір  тасын.

 

...Қобыздың  құлақ  күйін  басып – көтер,

Айтпадым  құпияны  ашып  бекер.

Тер  тамбай,

Адамзаттың  қаны  тамса,

Киесі  Теміртаудың  қашып  кетер.

                

 

 

                        -3-

 

    ОҢТҮСТІКТЕН  ҰШҚАН  ҚҰСТЫҢ  ӘНІ

 

Отарба  келіп,

Керуен  сарайға  тоқтады,

Жарқырап  тұрды,

Жас  Теміртаудың  оттары.

 

Қарсы  алды  мені,

Ару  қыз  асқақ  текті  ұлмен,

Қазаннан  сонау

Қалықтап  ұшып  жеттім  мен.

Жарқырап  тұрған  жастық  шағымның  ішіне,

Алқынып  келіп,

Абдырап  сүңгіп  кеттім  мен.

 

Жалынның  үні

Еріксіз  сіңіп  санама,

Ендім  де  кеттім  қайнаған  құрыш- қалаға.

Бейбіт  еңбекке

Бейім  тұрады  қашанда,

Соғыс  жылдары  шыр  етіп  түскен  шарана.

 

Соғыстың  сонау

Тимеді  кімге  зардабы,

Тоғысты  мұнда

Талай  тайпаның  тарланы.

Дамбаны  қашап,

Қылыштан  емес

Қайладан,

Самурайлардың  ойылды  алақандары.

 

Адал  еңбегін

Бағына  балап  бір  күннің,

Адал  терлерін

Құмына  құйып  құрдымның,

Болат  қаланың  сеніпті  болашағына,

Ардагерлері

Саяси  қуғын – сүргіннің.

 

Абай  мен  Гете  музасы  тамсап  Нұрадан,

Ұрпағың  бір  сәт

Тіл  табысты  ма,

Ұлы  Адам?!

Үш  нәсіліңді

Бір  шепке  түзді  Теміртау,

Ұлытау  сынды

Үш  жүздің  басын  құраған.

 

Бұл  дала  бұрын

Мұндайды  сірә  көрмеген,

Бабамның  бейқам

Төрт  түлік  малы  төлдеген,

Топырақ  мынау,

Құнарлы  терге  шөлдеген,

Дәуірде  сонау

Қан  сіңген  төсін  Жауырдың,

Өлермен  ұрпақ  шәйіп-ақ  бақты  терменен.

 

Асқақ  бір  арман

Анталап  жұмыр  басымда,

Қараймын  күнге,

Жан  беріп  жатқан  жасынға.

Туғаным  қандай  ғажайып  деймін  ішімнен,

Осынау  отты,

Мазасыз  ұлы  ғасырда.

 

Қырлары  қандай,

Қырманы  қандай  даланың,

Көк  тіреп  тұрған

Күмбезі  қандай  қаланың?

Құрлықтан  осы  аспанға  қарай  самғаған,

Ғарыш  пен  Жерді

Жалғаған –

Менің  заманым!

 

Топырақтың  иісі

Бұрқырап  шығып  күректен,

Жауыртау  басын,

Жасампаз  буын  түлеткен.

Жүз  тілде  сөйлеп,

Жүз  елдің  небір  ұл – қызы,

Сүйеді  сені,  Теміртау,

Жалғыз  жүрекпен.

 

Зәмзәмін  тосып  Арқаның  сайы,  жырасы,

Жарады  бүршік

Жастардың  арман – мұраты.

Күн  сайын  кешке,

Думан  мен  дауға  бөленген,

Күлтөбе  сынды   мұндағы  «Достық  қыраты»*

 

*- «Сопка  Дружбы» - Комсомол - жастардың  палаткалары  орналасқан  жер

 

Билейміз  күнде,

Назды  бір  сазға  қосылып,

Жарсқан  жүрек

Өмірді  көңіл  хошы  ғып.

Украиндар  мен  қауышқан  жаңа  жас  ақын,

Кобзарьдың  тілін

Қазақша  жатыр  көшіріп.

 

Осы  еді  жұмақ,

Өмірден  өзім  іздеген,

Үйіріле  билеп,

Тал  шыбық  сұлу  қызбенен, --

Аспарух  ханның  рухы  сіңген  Болгарлар,

Бауырдай  болып

Туыса  кетті  бізбенен.

 

Басамыз  әнге,

Көтеріп  басқа  түн  ішін,

Адамның  ұлы,

Хауаның  қызы – туысым.

Өз  ағам -- Өзбек,

Татарым – түркітектесім,

Тамырым  менің --  Белорусьпенен  Русьім!

 

Баспаханалардан  газеттер  шығып  не  тілде,

«Жесір  де  жоқ  деп  жазады  бізде –

Жетім  де».

Рекорд  жайлы  очерк-репортаждар,

Махаббат  жәйлі  бір  сөз  жоқ,  бірақ,  бетінде...

 

Көшеде  сүйіс,

Өрімдей  қыз  да  кекілді,

Өндірдей  ұлға  жазады  хаттар  не  түрлі.

Махаббат  жайлы  айтпайды  неге  мынау  ел?!

«Секс  жоқ  бізде!» --

Деген  депутат  секілді...

 

Болса да  суық  социализмнің  қабағы,

Өмірдің  көзі –

Өңменнен  өтіп  барады.

Көшеде  біздің – махаббат  оты  маздаған,

Газетте  кілең – ЦК-нің  қаулы  қарары...

 

Біз –

Қатал  шақта  дүниеге  келген  ұлдармыз,

Алғанбыз  рух  алаулап  тұрған  тудан  біз.

Қан-қан  боп  шығып  төбелес  пенен  ұрыстан,

Магниткадағы  құрыштан  суарылғанбыз!

 

Еркін  ой  баста  болса  да,

Жоқ-ты  жанда  ерік,

Тартылған  суы,

Жауыртау  қалың  шаң  болып –

Нұх  пайғамбардың  кемесі  жүзген  жер  еді,

Нұрсұлтан  шықты –

Қарадан  туған  хан  болып!

 

Ғаламда  тылсым,

          жанарды  арбап  шексіздік,

Самұрық  мінген  ерлерге  елтіп  ес  білдік.

Отандас  болып  Әубәкірұлы  Тоқтармен,

Зымыран  мініп  жұлдызға  қолды  жеткіздік.

 

Өзіңсіз  сірә

Мен  қайда  барып  жәй  табам?

Жүрегім  менің

Жауыртау  жәйлі  айтады  ән.

Мен  сенен  осы  жүз  рет  кетіп  қалам  да,

Жүз  рет  тағы  оралып  келем

Қайтадан!

 

Лапылдап  түнде,

Жарқырап  күнде  жанасың,

Арқада  мынау  асқақсың  өзің,

Дарасың.

Теміртау –

Менің  жұдырықтай  бір  жүрегім,

Алақандай  боп, алдымда  жатқан –

Алашым!

 

Күпті  ғой  жүрек,

Уайым  да  көп  басымда,

Тап  болып  тұр  ма Жаңа Алаш зілді  жасынға?!

Көк  тәңіріне  көз  салып, міне,  қарап  тұр,

Аяғын  артып  ХХІ-нші  ғасырға.

 

Бұлттан  күн  шығып,

Ғаламға  көктен  нұр  тамып,

Келгенде   көктем,

Көктен  түскендей  бұл  халық –

Мұздың  Дәуірін Судың  Дәуірі  бұзды  да,

Телегей  теңіз  Дүние  кетті  бұрқанып...

 

Түркінің  елі!

Сен  Күннен  түскен  ұшқын  ең,

Өткен  өмірің,

Кешкен  ғұмырың – түс  кілең.

Түнектен  босап,

Күншығыс 

Саған  бет  алды,

Қалың  қазағым  Қараөткелінің  үстімен...

 

Жүрегі  жара  болған-ды  талай  беріштен,

Теміртау  осы –

Темір  ғасырмен  тебіскен.

Оттан  да  небір, оқтан  да  небір  қалды  аман,

Сақтаған  бізді  қайдасың  қайран  періштем?

          Осында  екен

Шағала  дәурен  шалқары,

Құрыштың  демі

Алаулатады  Арқаны.

Асау  бір  ойлар алдымнан  шығып,

Лапылдап –

Магнитка  мені –

Магнит  құсап  тартады.

 

Өткенім  дағы – осында,

Менің  ертеңім,

Абыз  да  болдым,

Аусарлау  бір  кез  ерке  едім.

Теміртау –

Менің  өмірім  менен  өлеңім,

Теміртау –

Менің  егіліп  айтар  ертегім!

 

Құрдымды  кезіп,

Қалықтап  ұшып  жүр  едім,

Шақырды  мені  өзіне  осы  жыр  елім.

Теміртау –

Менің  сағынышым  ғой  сарғайған,

Теміртау –

Менің  құрыштай  қайсар  жүрегім!

 

 

Алаулым  менің,

Арналды  саған  сан  жырым.

Запыран  құсқан  заманнан  іште  қалды  мұң.

Теміртау –

Менің  сайрандап  өткен  сал  күнім,

Теміртау –

Менің  темірдей  текті  тағдырым!

 

Қыршын  жас  күнім,

Қайдасың  қайран  тамызым?

Ақтарсын  жырын  алпыстан  асқан  абызың.

Көше  бер  енді  ауыздан – күллі  ауызға,

Айта  жүретін  аяулы  менің  аңызым...

 

Балқаштан  шығып,

Көл  шалып,

Қалың  құм  шалып,

Көкжиекке  ұштым –

Көзімді  көлбеп  тұмса  бұлт.

Солтүстік,

Саған  ата  қыран  боп  қондым  да,

Қап  қойдым  сенде –

Қанатым  мұзға  құрсанып...

 

             -4-

 

КӨКЖИЕГІМДЕ –КӨК  БӨРІ

 

Жүрегім  жара – беріштен,

Азаға  толы,  ал,  жырым.

Темір  ғасырмен  тебіскен,

Теміртау –

Темір  тағдырым.

 

Аймағым –

Асқақ  ұлан-ды,

Дүркіреп  шықса  бір  тұстан,

Қолына  алып  Құранды

Кәуірмен  талай  қырқысқан –

Теміртау  қашан  қорынды,

Аймалап  Айды,

Күн  құшқан,

Армысың,

Алшы  қолымды,

Түркінің  тағы – Түркістан!

 

Жаһанға  мәшһүр  жұрт  едім,

Өр  басын  көкке  ұсынған.

Түбімді  сұра –

Күлтегін!

Дінімді  сұра –

Мұсылман!

 

Лениннен  қайтып  өзіңе

Алашым –дедім—аңрадым.

Түбімді  көрсет  көзіме,

Түркістан –

Қара  шаңрағым!

 

Яссауй – аузы  дуалы,

Берді  аян  көктен  ұшып  кеп.

Тектіден – Тұлға  туады,

Тобырдан –

Обыр  күшіктеп...

 

Бір  жанып  лаулап, --

Бір  өштім!

Құбылып  уақыт  сынаптай.

Ғасыр  көшіне  ілестім –

Шаңырағымды  құлатпай.

 

Түркінің  келді  заманы,

Тәңірі  тағын  алтындап.

Абылай  атой  салады,

Махамбет  көктен  саңқылдап!

 

Жер  менен  көгің  сүйінер

Кененің * жетсе  күркірі.

Түбінде  мына  дүние

Көреді  Бекзат  түркіні.

 

Тәңірі  сүйген  көктегі

Салт  Атты  қайда –

Қанатты  ұл?!

...Көкжиегімнен  Көк  Бөрі

Көз  ілмей  бізге  қарап  тұр

 

 

*-Кенесары  Хан.