Ақын  туған  өлкеде

 

 ( Сәкен  Сефуллиннің  рухына  бағыштадым)

 

                         1

 

Сұңқар  жырды  ұшырған  Арқа  жері,

Алтын  бесік,  аяулы  Қарашілік.

Жасыл  желек  тағынып  қамқа  белі,

Жас  Сәкенге  қарайды  баласынып.

 

Айдарынан  күн  сүйген  бала  қыран,

Атпен  шапты  басына  Ор,  Абаның.

Қайсар  ұлға  сүйсініп  дала  мына,

Жақсылықтың  жасады  жорамалын.

 

Сәбиіне  сезімін  бұлдамаған,

Қызыр  түнеп,  құт  қонған  бұл  даладан,

Шығам  десең  сан  биік  табылады.

 

Қырандарға  тұғырын  дайындаған,

Қиырына  көз  жетпес  сайын  далам,

Қанша  дарын  өзіңе  табынады.

 

 

                       2

 

Қанша  дарын  өзіңе  табынады,

Тұлпар  шапқан  жазықты  мақтан  қылып.

Дастан – дала  сынайды  бағын  әлі,

Сәби  жырды  Нілдіге  аттандырып.

 

Кезең  еді,  бұғауға  салып  ерді,

Шірімеген  құлдықтың  қыл  арқаны.

Ереуілге  шақырып  қалың  елді,

Нілді  жатты  сілкініп,  ұран  салып.

 

Ағылшынға  алданып,  өліп,  талып,

Айтқанына  Ағзамның  сеніп  қалып,

Талай  тартыс  төсінен  тарқап  еді.

 

Әскер  шығып  бұл  жолы,  ойран  құрды,

Алғашқы  рет  сәбиді  ойландырды,

Қаз  дауысты,  құс  тілді  дархан  елі.

 

 

 

                      3

 

Қаз  дауысты,  құс  тілді  дархан  елі,

Қыран  құстай  баулыды  балапанын.

«Қызыл  сұңқарлар»  болып  бар  сенері,

Жайған  кезде  азаттық  алақанын,

 

Қол  бастады  халықтың  ақын  ұлы.

Теңдік  жырын  тыңдады  шаршы  ғалам.

Бірақ  әлі  тасада  жатыр  ұлып,

Қорқаулары  Колчактың  қансыраған.

 

Торға  түсіп  даланың  азат  құсы,

Ақмоланың  тұншықты  абақтысы,

Атамандар  тойлады  бағы  жанып.

 

Пана  болған  досқа  да,  дұшпанға  да,

Қантөгізсіз  өмірге  құштар  дала,

Сол  ақынды  бәрібір  сағынады.

 

 

                     4

 

Сол  ақынды  бәрібір  сағынады,

Тұлпарлардың  даласы,  тарпаңдардың.

Тұншығады  аққудың  лағыл  әні,

Апанына  тап  болып  қорқаулардың.

 

Тізе  бүкпей  тағдырға  шындығы  кем,

Кетті  сіңіп  боранға,

                                   күтем  нені.?

Қара  жолдың  құрсаулы  шынжырымен,

Қара  жерге  аяғы  кісенделіп.

 

Азап  вагон  - Ананков  құрған  көрдің

Тозағынан  шыққанда,   туған  жердің,

Әр  бұтасы  жылытты  өз  үйіндей.

 

Бұл  сапардан  сұңқар-жыр  оралады,

Желбірейді  жеңістің  орамалы,

Аяулыңның  айнымас  сезіміндей.

 

 

 

                       5

 

Аяулыңның  айнымас  сезіміндей,

«Тау  ішінде»  ән  қалқып  көтерілген.

Ұйқы  қашып  кірпіктен,  көзі  ілінбей,

Дөңбекшиді  сан  сұлу  төсегінде.

 

Аяңдатып  ақбозды,  серілікпен,

Ауылына  жеткенде  бұрымдының.

Бал  тамызса  еріндер  сені  күткен,

Түнгі  мұнар  тосады  шымылдығын.

 

Жұлдыздары  билеген  ай  қасында,

Болып  еді  бұндай  түн  қай  ғасырда?!

Ғашық  бар  ма,  көркіне  қызықпаған?

 

Аққуларын  аялап  көл,  дір  етіп,

Арулардың  жанарын  мөлдіретіп,

Маужырайды  кіршіксіз  тұнық  ғалам.

 

 

 

                        6

 

Маужырайды  кіршіксіз  тұнық  ғалам,

Бурабайдың  айналып  айна  көлін.

Қыз  жұмбағын  жүз  батыр  бірі  ұқпаған,

Оқжетпеске  орамал  байлап  едің.

 

Абылайдың  әрине,  мысы  басым,

Қалмақ  қыздың  көрмейді  көз  жасын  да.

Жұмбақтастың  шеше  алмай  құпиясын,

Қаңтарылды  қалың  қол  көл  басында.

 

Қас  батырды  ұйқыда  маужыратып,

Ақбас  бура  тас  болып  қалды  қатып,

Тіршіліктің  тылсымын  өзі  білмей.

 

Түкпірінен  сыр  тартып  шартараптың,

Аңыздарын  шертеді  алты  алаштың,

«Көкшетау»да  сексен  көл  көзін  ілмей.

 

 

                      7

 

Көкшетауда  сексен  көл  көзін  ілмей,

Жағажайға  шашады  жасыл  ақық.

Бал  сезімнің  әсерін  өзі  білмей,

Бұлданады  арулар  басы  қатып.

 

Қайран  менің  елімнің  тектілері,

Жалақорлар  жармасып  шаужайына,

Арғымақ-жыр  даланы  кетті  кезіп,

Бір  қазақтың  сия  алмай  маңдайына.

 

Махаббатқа  мас  болып  бала  көңіл,

Асау  мініп  өтіпті  саналы  өмір,

Сері  салтын  қалайда  ұмытпаған.

 

Арғымағын  шабыттың  таңасырып,

«Сыр  сандықты»  ақтарып  Қарашілік,

Күтеді  оны  уыздай  ұйып  далам.

 

 

 

                     8

 

Күтеді  оны  уыздай  ұйып  далам,

Шатқалына  шыңдардың  ән  ұиялап.

Бұйырмаған  оқалы  ұлыққа  да,

Махаббаттың  ғасырын  жариялап.

 

Жаңа  заман,  жай  кәне  құлашыңды,

«Біздің  жаққа»  ән  жетсін  баяулатқан.

Ғашықтарға  ұсынып  мына  түнді,

Аруларға,  ұиықтамай  ояу  жатқан.

 

Көгілдір  түс - көктемнің  назы  қандай,

Жұпарынан  бір  жұтсаң  жазылардай,

Өріп  шықты  өлкенің  гүлі  керім.

 

Сұсын  сақтап  шыңдардың  тұр  сілемі,

Әлде  неден  секем  ап,  күрсінеді,

Аба  таудың  көңліне  күдік  еніп.

 

 

 

 

 

                       9

 

Аба  таудың  көңліне  күдік  еніп,

Аяқ  асты  күшейді  жауыз  неден?

Абзалым-ау,  мыналар  кімің  еді,

Ел  ішінен  тіміскіп  жау  іздеген?

 

Тағдыр  басқа  мұны  да  салған  екен,

Адал  жүрек  бірақ  та  ақтала  ма?

Ашық  жаумен  алысу – арман  екен,

Өз  партияң  қайтесің,  жапса  жала?

 

Замананың  ағымы  бұзылған - ау,

Өзің  тіккен  кешегі  қызыл  жалау,

Қолында  жүр  жауыздың,  бүріп  елін.

 

Ор,  Абаның  төсінде  жасын  жанып,

Қарашілік  қайғырып,  шашын  жайып,

Ақынды  іздеп  жылайды  күңіреніп.

 

 

 

 

 

                       1О

 

Ақынды  іздеп  жылайды  күңіреніп,

Азаттықпен  ел  еді  ауызданған.

Аярлықтан  Алла  да  түңіледі,

Ел  де  қайыр  күтпейді  жауыздардан.

 

Түсіріп  бір  жүретін  кейін  де  еске,

Бейіт-те  жоқ  бұларда.

                             қайран  қалма.

Сәкеменен,  Ілияс,  Бейімбеттер,

Кеткен  шығар  ілесіп  пайғамбарға*.

 

Қайда  апарып  соғады  соқыр  соқпақ,

Сәбилерді  мінекей  отыр  соттап,

Жүрген  жандар  кешегі  күлімсіреп.

 

Ұрпағына,  опасыз,  күшті  налып,

«Тар  жол,  тайғақ  кешу»ге  түсті  халық,

Ақиқаттың  туатын  күнін  тілеп.

 

               * - Иса  пағамбарды  айтып  отырмын.

 

 

 

 

 

                      11

 

Ақиқаттың  туатын  күнін  тілеп,

Домбыра  тұр.

                    Жендеттер  іс  атқарып,

Атасының  халықтан  құнын  тілеп,

Өртеп  жатыр  Сәкеннің  кітаптарын.

 

Өмір  жоғын  Сәкенсіз  сезіп  анық,

Омырауға  тағынып  тұмар-қайғы.

Отқа  түсті  домбыра,  өзі  барып.

/Сыңар  аққу  тіршілік  құра  алмайды./

 

Өшпейтұғын  тарихтың  тағылымы,

Освенцимнің  осы  еді  тамызығы,

Біздің  мұңлық  далаға  жақын  бірақ.

 

Гүлбаһрамның  ботадай  боздағанын,

Үндестіріп  зарына  боз  даланың,

Қарашілік  қамығып  жатыр  жылап.

 

 

 

 

 

                       12

 

Қарашілік  қамығып  жатыр  жылап,

Бұл  қылмыстың  кім  айтар  төрелігін?

Гүлбаһрам  келеді  жасын  бұлап,

Салқын  тәнін  құшақтап  бөбегінің.

 

Жендеттерге  жатпады  мұңын  шағып,

Ажалың  да  жау  емес  азалыға.

Жер-Анаға  тапсырып  құлыншағын,

Қарсы  жүрді  АЛЖИРдің  азабына.

 

Жендет  біткен,  қандалып  қанжығасы,

Жалпағынан  жалғанды  қалды  басып,

Жалақор,  сұмырайлар   басын  құрап.

 

Құрбандыққа  шалынып  боздақтарым,

Шемен  шердің  айтамыз  қозғап  бәрін,

Оралмайды  бәрібір  ақын  бірақ.

 

 

 

 

 

                   13

 

Оралмайды  бәрібір  ақын  бірақ,

Ашылмаған  сұмдықтар  бар  ескерер.

Аруларды  зорлапты,  шашын  бұрап,

АЛЖИРде  де  туыпты  нәрестелер.

 

Көнді  арулар  зорлыққа,

                                           масқараға,

Көнді  мына  қорлыққа  қара  халық.

Енді  бізді  шынымен  басқара  ма,

Сталиннің  «бақытты»  балалары.

 

Сол  сапрдан  сан  боздақ  оралмады,

Халық  тірі  әитеуір,  жоғалмады,

Қайран  елім,  тұр  сені  кімің  тіреп?

 

Тек  ақынның  сенеміз  келмесіне,

Қабірін  де  қалдырмай  жер  бетіне,

Кетті  ол  тастап  Отанын  бірінші  рет.

 

 

                         14

 

Кетті  ол  тастап  Отанын  бірінші  рет,

Көк  қаршыға  Көкшеде  ұшады  әлі.

Жаңғырады  «Тау  іші»  жырын  тілеп,

Соңына  еріп  Жұматай,  Мұқағали.

 

Тегін  қайта  түсініп,  батыр  халық,

Қыран  көзден  сыпырды  томағаны.

Революция  сілкіген  ғасыр  қалып,

Ре – Эволюция  оралады.

 

Тозақ  түннің  түнегі  таңға  ауысып,

«Альбатрос»  келеді  талмай  ұшып,

Мың  өліп, мың  тірілген  аңсап  елін.

 

Аманат  қып  ұрпаққа  басты  арманын,

Дәуірінің  шертеді  дастандарын,

Сұңқар  жырды  ұшырған  Арқа  жері.

 

 

 

 

              Кілт

 

Сұңқар  жырды  ұшырған  Арқа  жері,

Қанша  дарын  өзіңе  табынады.

Қаз  дауысты,  құс  тілді  дархан  елі,

Сол  ақынды  бәрібір  сағынады.

 

Аяулыңның  айнымас  сезіміндей,

Маужырайды  кіршіксіз  тұнық  ғалам.

Көкшетауда  сексен  көл  көзін  ілмей,

Күтеді  оны  уыздай  ұйып  далам.

 

Аба  таудың  көңліне  күдік  еніп,

Ақынды  іздеп  жылайды  күңіреніп,

Ақиқаттың  туатын  күнін  тілеп.

 

Қарашілік  қамығып  жатыр  жылап,

Оралмайды  бәрібір  ақын  бірақ,

Кетті  ол  тастап  Отанын  бірінші  рет.