Уақыт—Бәйге... Бәсе  неге,

Состав  секунд  санайды?

Маңғаз  түйе  мәселеге,

Басқа көзбен  қарайды.

 

Назар  сал  шөл  Абызына,

Мұңға  малған  жанарын.

Қанық  елдің  аңызына,

Философы  даланың.

 

Өркеш-өркеш  шағылменен,

Қатар  өскен  ертегі.

Нарға  біткен  сабырменен,

Өмір  жайлы  шертеді.

 

Мен—Көнемін,  тоқтады  дем,

Сен—Болашақ... кәне  оз!

Түйелердің  соқпағымен,

Келді  бірақ  паравоз.

 

Маңғыстауды  аз  да  болсам,

Жан  досымдай  сүйемін.

Ақын  үшін  нанға  қоса,

Күнге,  желге,  таңға  қоса,

Әкел  тағы... Түйені.

 

 

            5.

 

Сөнді  жылы  жасыл  ағын,

Қонды  баққа  күрең  күз.

Көлге  төгіп  жапырағын,

Қалғып  кетті  үйеңкі.

 

Жырға  қанып  түз  жалбызы,

Тынды  терек  жағалай.

Қара  шекпен  күз  қалғыды,

Қалжыраған  анадай.

 

Күз  бояуы  қандай  қанық,

Таза  пейіл  секілді.

Жүрегім  тұр  таңдай  қағып,

Келбетіңе,  кекілдім.

 

Өкпемменен,  айыбымды,

Жуып  шайды  жауының.

Қоғамындай  қайырымның,

Қасиетті  ауылым.

 

 

            6.

 

Жер – кішкентай  түйіршік  кеңістікте.

Түйіршікте  тар  соқпақ.  Келістік  пе?

Сол  соқпақта  мен  сені  тосып  алам,

Мінекей, 

Барлық  әлем  осы  ғана.