Таңғы  түсті  тағы  да  қызықтадым,

Тамырымда  тасыды  қызып  қаным.

Ұйқыдағы  сезімді  тұтандырып,

Жалын  құйды  қаныма  қылықтарың.

 

Айықпайтын  бір  дертке  қалды  басым,

Неге  мұнша  жүректі  жандырасың.

Қайда  жүрсің  жанымның  жалынына,

Қанатымен  су  сепкен  қарлығашым.

 

Жалын  демін  кеудеден  шығармадық,

Жанып  бітпей  бұл  жүрек  тынар  ма  анық.

Сені  де  өртеп  отына  алам  ба  деп,

Жақындамай  жүремін  шыр  айналып.

 

Қылығыңа қалайша  байланғанмын,

Құштарлықтың  күшіне  қайран  қалдым.

Сезім  селі  тасыса,  топанынан

Сақтамайды  кемесі  пайғамбардың.

 

Таң  бозарып  жұлдыздар  сөнді  міне,

Ұңілемін  сен  бе  деп  көл  гүліне.

Бар  күнәдан  тазарып  шығар  едім,

Жанарыңның  шомылсам  мөлдіріне.

 

 

 

                

            ***

 

Кеш  мені  жаным,

Уақыттан  озып,

Құрдасың  болып  тумағанымды.

Өзіңе  ғана  ғашық  та  болып,

Жиырмада  жолықтырмағанымды.

 

Жылдарды  сенсіз  өткергенімді,

Өзіңсіз  кешкен  өткелдерімді,

Гүліңе  мөлдір  шық  болып  тұнбай,

Өткізіп  алған  көктемдерімді,

Кеше  гөр,  Жаным!

 

Кетіпті  жастық  қарасын  үзіп,

Ұмытқан  сірә  мені  де  мүлде.

Көз  жазып  қалғам  адасып  жүріп,

Минотаврдың  меңіреуінде.

 

Түнектің  мынау  түріп  түңдігін,

Кештетіп  жандың  лағыл  арманым.

Ұстаттың  маған  үміттің  жібін,

Арқауы  қылып  Ариаднаның.

 

Тағдырым  қандай  силайды  бағын,

Көзіңнен  көңлім  сырыңды  ұғынды.

Кетуге  тастап  қимайды  жаным,

Кештетіп  туған  сұлулығыңды.

 

Арай  боп  еніп  ғашық  таңымда,

Барасың  еріп  қасық  қанымда.

«Өмірден  ақын  өтіп  кетер»-деп,

Тууға  ерте  асықпадың  ба?!

 

Көкжиегімде  көктемім  елес

Бергенде  тағы, 

Дәтке  кім  шыдар.

Өмір  дегенім  өткенім  емес,

Қасыңда  қалған  сәттерім  шығар!

 

 

 

 

 

                   ***

 

Күттірмей-ақ  қар  жауды  кешке  қарай,

Шығыс  сөніп,

                       батысқа  көшкен  арай.

Шырақтарды  айналып  көбелектей,

Қар  жауған  кеш  қалмасын  есте  қалай.

 

Есте  қалай  қалмасын  сен  келген  кеш,

Теміртауды  тауыса  сенделген  кез.

Мың  мәртебе  қоштасып,

                                            кетісе  алмай,

Толқынында  сезімнің  тербелген  кеш.

 

Бұрын  мүндай  көрмеген  ғажайыпты,

Пәк  киініп  ағаштар,  тараныпты.

Әлем  әппақ,

Адамдар  бәрі  әдемі,

Ақ  мамығын  жамылған  тазалықтың.

 

Әппақ  сиқыр  тербеген  бақ  та  бөлек,

(Бізден  басқа  пенде  жоқ  жатқан  елеп).

Құндыз  шашың  төгілген  иығыңа,

Қалықтап  кеп  қонады  ақ  көбелек.

 

Еліктіріп  сезімнің  гүл  етегі,

Ақын  біткен  көктемді  жыр  етеді.

Түсінбейді-ау  пақырлар

                                          ғашықтарға,

Қыстың  да  құшағының  жылы  екенін.

 

 

 

 

                     ***

 

Кеткенде  күйкі  тірлікке  етіміз  өліп,

Наркоздан  жаңа  шыққандай  есіміз  еніп.

Астыан  айдың

Ақ-Ерке  айдынға  түсті,

Бақыт  қонатын  маңдайын  кекілі  көміп.

 

Жағада  тұрды  түсіріп  етегін  көлге,

Сезімнің  селін  қайтадан  кешемін  мен  де.

Бейнесі  анық  көрінер  көлдегі  құстың,

Қанатын  жайып  биікке  көтерілгенде.

 

Көмкеріп  қойған  табиғат  сені  көрікпен,

Қоңырау  үнің  айырды  мені  де  еріктен.

Күнәсіз  туады - деуші  еді - періштелерді,

Періште  ме  едің  Музаның  беліне  біткен.

 

Аңсарым  ауды  енсем  деп  жасыл  бағыңа,

Табиғат  тиым  салмаған  ақындарына.

Ғайып Ирен, Қырық Шілтен  жебеп жүрсін  деп,

Сыңар  ғып  сені  жаратқан  ғасырда  мына.

 

Сезімнің  тіні  өмірдің  арқауы  емес пе,

Қайталанбайды  белгісіз  қалса  белесте.

Бүлдіршін  көзін  сүзгенде,

Бұйдамды  үзіп,

Кетер  ем  сенің  соңыңнан  Барсакелмеске.

 

 

 

                 ***

 

Сипаттауға  буынсыз  тіл  жетпеген,

Теңеу  таппай  сезімдегі  тасқынға.

Мен  түгілі

                барлық  шайыр  шешпеген,

Шыт  көйлектің  құпия  тұр  астында. 

 

Сан  серінің  санасынан  өшпеген,

Сандыбадтың  қазнасынан  қымбат  дүр.

        Мен  түгілі

                         барлық  шешен  шешпеген,

Шыт  көйлектің  астында  бір  жұмбақ  тұр.

 

Әлемдегі  теңеулерді  түгесіп,

Шеше  алмаған  шайырың  мен  шешенің.

Тылсым  тәннің  сипап  Брайль  жүйесін,

Саусақтарым  үндемей-ақ  шешеді.