Үкiнiң  балақ  жүнiн  тағынып  бiр,

Домбыра  әлде  кiмдi  сағынып  тұр.

Қу  тақтай  құлан  дауыс  күңiренiп,

Самал  жүр  шанағында  сабылып  құр.

 

Сағынып  саусақтарын  Ғазизаның,

Тұр  мүлгіп  шанағында  әзиз  әнім.

Күнәсiз  жүктi  болған  күй  сазына,

Қыз  бөксе,  қылша  мойын  кәнизагiм.

 

Сазыңа  алты  алаштың  елтіп  елi,

Ортаға  өзiң  келсең  желпiнедi.

Пернеде  долы  дауыл  көбiк  шашып,

Тұсында  тиегiңнiң  жел  түнедi.

 

Қаншама  қиын  сәтте  сүрінбеген,

Шындықпен  қансыз  бетті  тілімдеген.

Қондырып  көлге  құсты,  нар  идірдің

Үнімен  жас  ботаның  дірілдеген

 

Сал-сері  сайран  салған  мекеніміз, 

Күбірлеп  қурай  үнмен  еседі  күз.

Салайын  шертпе  күйге,

Білсін  әлем,

Біз  мәңгі  пери-сазбен  некеліміз.

 

Үніңде  ызыңдаған  құлазып  қыр,

Шектерiң  сырласуға  сұранып  тұр.

«Сылқылдақ» -  бұлбұл  үні  бикештердің,

«Былқылдақ» - буындары  бұралып  тұр.

 

Тағдырды  табындырып  өнеріңе,

Шабыттың  шым  батырдың  тереңіне.

Шындықтан  шешен  тілің  жаңылмады,

Қорғасын  құйылса  да  көмейіңе.

 

Төсінде  Күлтөбенің,  

Жел  өтінде,

Күңренді  Көмей-Жырау  көне  тілде.

Қазанғап,  қарға  тамыр  қалың  елге,

Сөз  салған   осы  тілде,

Сенесің  бе?

 

Саусақтар  пернелердi  талмай  басып,

Домбыра  сөйлеп  бердi  таңдайды  ашып.

Тiлiне  барлық  әлем  түсiнетiн

Болғаны  сырласыңның  қандай  бақыт.

 

 

 

 

                   ***

 

Балаусаның  бұтағына,

        Көктем  қонды  кекілді.

Күн құлады құшағыма

Күнiкей қыз секiлдi.

 

Күмiс кiрпiк шуақ тамып,

Тамылжыды таңдарым.

Жапырақтар құлақтанып,

Жайды алақандарын.

 

Құйды  көлге  күн  күлтесін,

Жасыл  ақық  жалатқан.

Қыздар  өбіп  қырдың  төсін,

Дақ  қалдырған  далаптан.

 

Сағыныштың  сапарында,

Қанаттарын талдырып.

Құс оралды отанына,

Қысты артына қалдырып.

 

Алақанға  қонды  арманым,

Самал-шабыт  желпінді.

Орган үндi ормандарым,

Құлақ күйiн келтiрдi.

 

Күміс  бұлақ  шанағында,

Қоңырау  үн  қосқандай.

         Сольфеджио  сабағында,

Сопрано --   бозторғай.

 

Бармақтай  құс  өзегінен,

Тамып  түскен  тасқындай.

Күй төгеді көмейінен,

Қауырсынды сазсырнай.

 

Кәусар үнді ақсын  қайнар,

Оралсын  бір сал  шағым.

Қауырсынды сазсырнайлар,

Шәмшi  ағаның  салшы әнiн.

 

Дәурен  тусын  таңқаларлық.

Дәріптелген  құс  қайсы.

Құлдық  ұрдым,

        қарғалардың

Қарқылынан  құтқаршы.

 

 

         

 

 

                ***

 

Арбаудан  астын  әлемнің,

Қанады  қашан  құмары.

Тістері  сұлу  әйелдің,

Күлкісі  келіп  тұрады.

 

Алардай  жаулап  көрмені,

Арудың  айшық  тұмары.

Силикон  төстер  кеудені,

Көріктендіріп  тұрады.

 

Кердеңдей  басып,  керіктей,

Жолыңды  кесіп  өтсе  егер,

Пейіште  піскен  жемістей,

Желіктіреді  бөкселар.

 

Тиятын  әдеп  бұзғанды,

Дәстүрім  қайда  кешегі.

Сирағы  сұлу  қыздардың,

Қырқылып  бітті  етегі.

 

Қатырып  миды, 

                          бал  ашып,

Сан  сауал  кірді  басыма.

Әлемді  сақтап  қалатын,

Сұлулық  деген  осы  ма?!

 

 

 

                         ***

 

Қалғанда  салқын  тартып  қаным  қыстай,

Тынысым  тарылғанда  сағым  жұтпай.

Алдымнан  желек  жайып  шықты  тағы,

Алма  ағаш – ақ  көйлекті  қалыңдықтай.

 

Желпіді  жүпар  самал  таңдай  жарған,

Құрбымның  жанарында  аунайды  арман.

Қыз  желең,

               қыпша  белді  мына  шыбық,

Келісті  келбетіңнен  аумай  қалған.

 

Жамырап  жапырақтар - жасыл  ақық,

Кір  кәне  құшағыма,  жасыма  түк.

Тұрғандай  Ақ  жол  тілеп,  киелі  ағаш,

Шашыңа  ақ  тозаңын  шашыратып.

 

Көкейде  қуыс   та  жоқ  күдікке  түк,

Жіберді  көктем  сені  сүйікті  етіп.

Жел  тиген  жапырақтай  дір  етеді,

Жүрегім  жүрегіңе  тиіп  кетіп.

 

Арбалып  қылығыңа,

                                   күлгеніңе,

Өзегім  өртенеді  гүл  деміңе.

Ежелгі  ғашықтардың  әдетімен,

Қарашы,

             күрмеліп  тұр  тіл  де  міне.