Түнекте  жанған  Тәңірдің  Көзі,

Аспанның  алып  гауһары.

Санамда  Құран-Кәрімнің  сөзі,

Сарқылмас  ойдың  кәусары --

 

 — КҮН —

— Пайғамбары  кезегендердің,

Кіндігі  түпсіз  ғаламның.

Шапағатыңа  бөлеген   жердің,

Бір  түйіршігі – адаммын.

 

Алақанымды  Күнге  тосып  ем,

Батаңды  сұрап  Ғүн -Бабам.

Дірілін  тәннің  ділге  қосып  ем,

Болсын  деп  діндес  бүл  ғалам.

 

Өзіңнен  туған  Алашың  едім,

Қолымды  созам  құрдымнан.

Жалғанның  жарып  қара  түнегін,

Жүрегім  мынау  шыңғырған.

 

Көк  бөрілерді  қасиет  тұтқан,

Түркінің  текті  ұлымын.

Қазақ  болам  деп  қасірет  жұтқан,

Тәңірдің  тәнті  құлымын.

 

Отпенен,

Сумен  аласталғанмын.

Жармасып  түйе  қомына,

Бірі  едім  жерде  адасқандардың,

Сала  көр  тура  жолыңа.

 

Бабалар  басқан  жерде  түнедім,

Қастерлеп  көктің  киесін.

Өзіңнен  ғана  жәрдем  тіледім,

Қиямет  күннің  Иесі.*

 

Үйқысыз  өткен  Қадыр  түндерім,

Күрмеуі  қашқан  қысқа  жіп.

Батагөй  бабам – кәміл  пірлерім,

Дұғасын  етсін  мұстажып.

 

Құдіретіңе  құлдық  ұрамын,

Жебей  көр  мені  Ғұн-Бабам.

...Жетпейтін  зарың,

Құрдымы  қалың,

Түнеріп  түпсіз  тұр  ғалам...

 

Төнеді  көктен  Тәңірдің  Көзі,

Алып  гауһарға  ұқсаған.

Санамда  Құран-Кәрімнің  сөзі,--

Сәбидей  тілі  шықпаған.

 

 

 

* «Фатиха»  сүресінен.

 

 

 

               ***

 

Алпыстан  мынау  асқаным,

Алысты  көре  бастадым.

 

Ұлылар  жайлап  басымды,

Ұсақты  көзден  жасырды.

Алыпты  көрем  алыстан,

Көрмеймін  бірақ  жақынды.