Менiң  тiлiм,  ғасырлар  мүсiндеген,

Көк  түрікпен  тілдесем  түсімде  мен.

Көмейiнен  жыраудың  көрiнедi,

Көне  дәуiр,  жүрегi  лүпiлдеген.

 

Адам-Атам  пейiштен  шашақ  терген,

Ұрпағына  бұйырды  атақ  төрден.

Менiң  тiлiм  емес пе, 

Атамыздың

Есiмiн  де  « Адам» деп  атап  берген.

 

Ана  тiлiм, 

Үстiнде  жер  кеменiң,

Ана  сүтпен  өзiңдi  емген  елiм.

Тарихшылар  бiлмейдi,  заманында

Сақтар  менiң  тiлiмде  сөйлегенiн.

 

Бiте  қайнап,  бiрге  өскен  Түркiменен,

Ұранында  ғұндардың  күркiреген.

Қорқыт  болып  Оғызда  күңiренiп,

Майқы  бидiң  қосында  бiр  түнеген.

 

Санамызға  сiңiскен,  дiлiмiзбен,

Табиғаттың  сабақтас  тiнi  бiзбен.

Жаңбыр  селі,

Жел  демі,

Күн  шуағы,

Жусан  иiсi  аңқиды  тiлiмiзден.

 

Осы  тілде  ұрпағы  қара  танып,

Пайғамбармен  тілдескен  дана  шалы.

Сөз  атасын  сыйлаған  қалық ертең,

Ауызына  әлемдi  қаратады.