Жағасы  жұмақ  Іленің  арғы  жағының,

Киелі  жерде  Жампоздың  қалды ма  жүгі?

Тораңғыл  анау  тоқтаған  жеке  батырдай,

Сәл  ғана  тежеп  тізгінін  арғымағының.

 

Астында  түкті  кілемнің  атырап  қалып,

Жасыл  желекті  жұпар  жел  жатыр  ақтарып.

Шымшық  үніне  қосылып  сыңғырласады,

Күмістен  құйған  жиденің  жапырақтары.

 

Сайларды  кезіп  Ебінің  желөкпе  желі,

Жыңғылдың  шашын  тарайды  өбектеп  өбіп.

Көлбейді  қызыл  қауырсын  қырғауылдары,

Түбінен  әрбір  бұтаның  көжектер  өріп.

 

Шипалы  шөпті  жүгірсең  жарыса  басып,

Оқулықтарға  енбеген  дәріс  аласың.

Табиғат – тәуіп  қарсы  алып,

                                                алдыңа  сенің,

Жаяды  дархан  даланың  дәріханасын.

 

Алдыңнан  шығып  балауса  бау  сағымданып,

Сәмбі  тал  суға  тұрады  саусағын  малып.

Арғымақтары  тұнықтан  жүзіп  ішетін,

Жұтсаң  ғой  шіркін  Іленің  каусарын  қанып.

 

Көктемде  жиде  гүлдейді  өлкемде  менің.

Қырмызы  гүлдің  қызықтап  өркендегенін,

Қалалық  ару, 

қайтейін,  қасымда  жоқсың,

Қазақбай  шалдың  мекенін  көрсең  деп  едім.

 

Шабытты  шағым  елдегі  жырақта  қалып,

Біз  дағы  туған  өлкеге  тұрақтамадық.

Кешер  ме  мені  мекені  періштелердің,

Жиденің  иісін  сағынсам  жұмаққа  барып.

 

 

 

 

 

 

                    ***

                    

Өтті  біздің  ауылда  жиде  гүлдеп,

Мен  бір  бейбақ  өткенді  жүрген  іздеп.

Тобылғыдай торы  қыз,

                                            томаға  көз  ,

Бұйырмапты  жарасу  бірге  бізбен.

 

Біз  жүрген  із  сондағы  соқпақ  мына,

Әлде  нені  еске  алып  тоқтап  тұрам.

Неге  сонша  қарайсың  пайыз  торғай,

Өткен  өмір  сені  де  жоқтатты  ма?

 

Маңғазданып,  қанатын  жәйіп  қана,

Қариядай  қарайсың  айыптаған.

Жиделіге  жиырма  жыл  оралмадым,

Қандай  жаза  шынында  лайық  маған.

 

Тобылғы - қыз  қоштасты  дәл  бесінде,

Тамшы  тұрды  кірпіктің  пердесінде.

Жасты  желге  кептіріп  кете  бардым,

Жиде  шаштың  жұпары  қалды  есімде.

 

Көне  соқпақ  сол  күнгі  жатыр  әлі,

Ізімізді  еспе  құм  жасырады.

Куәгерлер,  топ  жиде  әлі  тірі,

Парақтайды  жел  ғана  жапырағын.

 

Асығып  ем  арнама  қосылардай,

Күдік  кірді  бір  құрдас  тосып  алмай.

Ашщы  арағын  құйятын  Бейқұтта  жоқ,

Көзтаныстан  қалғаны  осы  торғай.

 

Жалғыз  қалған  жүрекке  сенеді  кім,

Сәлден  кейін  батыста  сөнеді  күн.

«Шық-шық»  етіп  шеңгелде  бармақтай  құс,

Жариялап  қояды  төрелігін.