Маған  емес  ғарыштың  кеңістігі,

Маған  емес  түстігі,

                                 терістігі.

Тұрған  қалам—мен  үшін  туған  қалам,

Қарағандым—жәннаты  жер  үстінің.

 

Махаббатпен  жылынып  кең  жүрегі,

Жастар  кешке  жұлдызға  телміреді.

Қарапайым  қалалық  Прометейлер,

Жер  астынан  жалынды  өндіреді.

 

Қалқам, 

Көмір  жанарың  арайлы  екен,

Ұшқын  болып,  күн  болып  қарайды  екен.

Жүрегіне  жердің  де  жетіп  жүрмін,

Сенің  махаббатыңа  қалай  жетем?

 

Сәулеменен  түнекті  түрлендіріп,

Достарыммен  забойда  жүрген  қызық.

Сені  көрем  көмірдің  қатпарынан,

Кіммен  жүріп  барасың,

                                     кіммен  күліп.

 

Сырға  сараң  шахтаның  жарығында,

Көкейіме  қанша  жыр  жазылуда.

Мен  сен  үшін  жаралған  Прометеймін,

Арналады  өзіңе  жалыным  да.