Боз  биенің  сүтіндей  айдын  мына,

Шәйіп  алар  шомылсаң  қайғыңды  да.

Сәл  қысылып  етегін  көтереді,

Балтырынан  су  кешкен  шалғын  бұла.

 

Бозғылт  түнде,

Ақ  жүзі  солғанда  Айдың,

Көлді  көріп  көзайым  болғандаймын.

Тамып  түскен  Тәңірдің  пейіліне,

Үнсіз  ғана  үңілем,  қозғалмаймын.

 

Ұйқыдағы  тылсымға  Ай  арбалып,

Телміреді  ақ  жүзі    арайланып. 

Құпиясын  әлемнің  құйя  салған,

Кесесі  ғой  Жәміштің  шарайналы.

 

Қандай  ғажап, 

Сиқырда  аласұрып,

Су  перісі  қызойнақ  салатыны.

Жанарында  Кейуана-табиғаттың,

Мөлдіреген  сезімнің  қарашығы.

 

Іңкәр  жүрек  толқып  тұр,  іркіп  мені,

Көл  тынысын  Қорқыт-түн  үркітпеді.

Мойыл  тамшы  тамызып  тұңғиыққа,

Сәл  дір  етті  құба  тал - кірпіктері.

 

О,  Тәңірім! 

Ендім  бе  ертегіге,

Су  перісі  сиқыр  саз  шертеді  ме?

Алты  қаз  ба  айдында, 

Аққу-қыз  ба,

Ақ  қауырсын  байлаған  желкеніне.?

 

Ақ  тұманның  оранып  көрпесіне,

Перизат  па  шомылған  ертесіне.

Қауырсынын  сыпырып  аққу-пери,

Ару  қыз  боп  шығардай  көл  шетіне.

 

Есуастың  дауа  боп  кеселіне,

Бақ  па,

Сор  ма,

Маңдайға  көшеді  ме?

Ақан  болып  кеттім  бе?

Жанардан  жас,

Пері  қыздың  тамады  етегіне.