Абыз  отыр,  ой  қалың,

                                ірге  мықты,

Немересі  ермегі  күнделікті.

Кенет  есік  қағылды,  жұмсады  қарт,

-Баршы  балам,  сұрашы,  кім  келіпті.

 

Қонақ  десе  халықпыз  құрақ  ұшқан,

Немересі  шарқ  ұрып  қуаныштан,

Атасына  жеткізді  жақсы  хабар.

-«Бақыт»  кепті  сізді  іздеп  ту  алыстан.

 

Қарт  күрсінді.

 -Шынымен  келгені  ме,

Ғасыр  бойы  ел  куә  еңбегіме.

Рахмет, 

Жолықсын  кейінгіге,

Мен  ризамын  өмірде  көргеніме.

 

Абыз  үнсіз. 

Ой  қалың,  ірге  мықты,

Немересі  қасында  күнделікті.

Тағыда  есік  қағылды,  жұмсады  қарт,

-Баршы  балам,  сұрашы,  кім  келіпті.

 

Тағы  қонақ,  оң  қабақ  тартады  анық,

Жақсылық  бұл,  біледі  барша  халық.

Немересі  жеткізді  жылы  хабар,

-«Байлық»  келіп  тұр  екен,  қарсы  алайық.

 

Қарт  күрсінді. 

-Бір  ғасыр  сенделіп  мен,

Ортақ  болдым  байлыққа  елге  біткен.

Рахмет.

Дарысын  кейінгіге,

Мен  үлгердім  ада  боп  пенделіктен.

 

Абыз  үнсіз,

Ой  қалың,  ірге  мықты,

Немере  де  ойлылау  күйге  еніпті.

Тағыда  есік  қағылды,  жұмсады  қарт,

-Баршы  балам,  сұрашы,  кім  келіпті.

 

Жалықтырған  сан  жолдың  жорықтары,

Қарт  байсалды, 

                  ақпайды  толып  қаны.

Немересі  жеткізді  жаңа  хабар,

-«Қанағат»  кепті  сізбен  жолыққалы.

 

Сонда  қарттың  дүр  етіп  сілкінгені,

Бойы  сергіп,  көмейі  бүлкілдеді.

-Осы  маған  ендігі  жанға  серік,

Бар  құлыным,  есік  аш,  кірсін-деді.

 

Қарт  бұйырды  қайтесің  күтіп  алмай,

Қанағаттың  тартатын  күші  бардай,

Бақыт  пенен  Байлық  та  қоса  кірді,

Таңырқайды  жас  бала  түсіне  алмай.

 

-Е, Тәңірім,  қалдырма  жаманатқа,

Үшеуіне  қарайды  шамалап  қарт.

Түсінгенге,

           Бақытта,

                    Байлығың  да,

Жүреді  екен  ілесіп  Қанағатқа.

 

 

         

                         ***

 

Ұлы  көшке  ілестім  жолға  шығып,

Бұл  тағдырдың  тәлкегін  болмас  ұғып.

Сарбазы  боп  соңына  еріп  кеттім,

Поэзия  дейтұғын  қолбасының.

 

Поэзия – баһадур,  алып  тұлғаң,

Ақиқатпен  алғашқы  таныстырған.

Сезетінім  осы  бір  сөз  патшасы,

Мыңмен  жалғыз  Абайды  алыстырған.

 

Бұйым  емес  ол  үшін  жиған  мүлік,

Бар  байлығы

Ар, 

Намыс,

Имандылық.

Тезге  салып  тәртіпке  үйретеді,

Топастардан  тұрсын  деп  тұлғаң  биік.

 

Шуағына  жарымай  таза  күннің,

Қабылдадым  тағдырдың  азабын  мың,

Бірін  бірі  әлі  де  талап  жүрген,

Оята  алмай  түйсігін  қазағымның.

 

Санам  содан  шарқ  ұрып  сабылуда,

Жарлығына  тиіспін  бағынуға.

Кесапатын   кесірдің    тоқтатуға,

Шырт  ұйқыдан  көтерді  шабуылға.

 

Арайлап  бір  атпады  дұрыс  таңым,

Алтыбақан  ала ауыз  туыстарым.

Жаралады  жанымды  аярлықтың,

Тұтқиылдан  тап  берген  қылыштары.

 

Сардар - намыс  шақырып  алға  тағы,

Жанарыңнан  ыстық  жас  парлатады.

Жеткізе  алмай  тобырға  айтарыңды,

Ой  дертіне  Сөз  дерті  жалғасады.

 

Төзіп  бақтым,

                  сары  алтын  сабыр  түбі,

Қанатымның  қаусады  қауырсыны.

Аят  күтіп  өткізген  кірпік  ілмей,

Ақын  үшін  әрбір  түн - Қадыр  түні.

 

Болмаса  да  қоғамға  түк  керегі,

Аталы  сөз  айнымай  түске  енеді.

Енді  өмірге  келмейді  пайғамбарлар,

Ақындарға  парызы  жүктеледі.

 

 

 

 

              ***

Бақытты  жан  көрдіңдер  ме  жалғанда,

Басыбайлы  қолы  жеткен  арманға?

Жаны  жүдеп  жүрген  мына  қалықтан,

Жеке  дара  бақыт  қонған  жан  бар  ма?

 

Қалық  азса 

Бақыт  емес  тақ  та  аса,

Бақыттылар  ел  мүддесін  таптаса.

Бақытты  боп  қала  ала  ма  сол  пенде,

Қайғының  да  кермек  дәмін  татпаса?

 

Бұл  сұрақтан  мен  де  талай  тосылдым,

Ой  толғасам  килігеді  тосын  мұң.

Бақыт  па  екен,

                        бас  айналып  бақыттан,

Байқамасаң  қасіретін  досыңның.?!