Ұмытшақпыз  біз,

Ұмытшақпыз,  ия,  өте  біз.

Кемелдікті  де,

Кедейлікті  де  тез  ұмытып  кетеміз.

 

Түсінбейтұғын  түгі  жоқ, достым,

Дұрыс  ұқ,

Өлімді –дағы  кетеміз  кейде  ұмытып.

 

Бәрі  де  соның  білмегендіктен  бе,

Зердеге  әлде  түймегендіктен  бе

 Немене?!!

Ұмытылды  соғыс...

Отына  оның  күймегендіктен  бе,

 Немене?!!

 

О,  адамдар  өр  кеуде,

Мен  ыза  болам  сендерге.

 

Ақымақтарды –

Автомобиль  апаттарынан,

Өлермендерді –

Өрттердің  шатақтарынан,

Көрсоқырларды –

Өмірдің  қысқалығынан,

Кеудемсоқтарды –

Өлімнің  ұсталығынан,

Сақтандырамын  деп,  шерменде,

Мен  ыза  болам  сендерге.

 

Түсінбейтұғын  түгі  жоқ,  достым,

Дұрыс  ұқ,

Өлімді –дағы  кетеміз  жиі  ұмытып!

 

 

Memento  mori  \лат.\ -- өлім  барын  ұмытпа.

 

 

 

 

 

 

                ***

 

Түндер  сайын  елжіреп  ет  жүрегім,

Бұрқанады  кеудемде  отты  лебім.

Мен  өмірде  көп  елден  аз  ұйықтадым,

Көп  ұйқымды  жыр  ұрлап  кетті  менің.

 

Маңдай  терден  мұндайда  мақтан  да  өзге,

Бір  жасадым –

Сарсылып  тапқан  сөзге.

Талай  әсем  жырларды  өлтірдім-ау –

Дейсің  кейде –

Ұйқыда  жатқан  кезде.

 

Сенші  достым, мазалап  пендесырап,

Мен  ақтала  сөйлесем  елге  жылап.

Жер  бетінде  зұлымдық  жасалғанда,

Ұйқтап  жатып  ем –десем

Сенбе  бірақ!!!

 

Көздеріне  Аналар  жас  алғанда,

Күлгендерге  қаспыз  біз  қашаннан  да.

Ешкім  ұйқтап  жатуға  тиіс  емес –

Жер  бетінде  зұлымдық  жасалғанда!

 

Ешкім  күймей  қалуға  тиіс  емес,

Ешкім  білмей  қалуға  тиіс  емес –

Жер  бетінде  зұлымдық  жасалғанда!

 

 

 

 

               ***

 

Аңғармаймыз  ісіміз  түсті  кімге,

Түсінбей  де  қаламыз  түкті  мүлде.

Кейде  жалын  жатады  аласұрып,

Моп-момақан  мінездің  түкпірінде.

 

Өкпе  бар-ау,  қайран  дос,  қабағыңда,

Мені  сатқын  шынымен  санадың  ба?

Өз  қолыңмен  жазала,

Өтінемін,

Дұшпанымның  алдында  таба  қылма.

 

Жанартау  бар  ерлердің  мінезінде.

Азуыңды  ашуға  біледің  бе?...

Ақтарып  сал  ызаңды,

Тек  зұлымдық,

Бұғып  қалып  жүрмесін  жүрегіңде!