Құны  түскен  қағаз  ақша – банкілер,

Күн  түсті  ме – қарақшыға  қан  тілер?!

Ентелейді  егінжайдың  үстінде –

Танкілер!!!

 

Комбайын  жоқ ...  шіріп  жатыр  егінім,

Маған  қарап  жаутаңдайсың  неге,  ұлым?

Жердің  бетін  қырғын  соғыс  жаулады,

Киеміз  бе  солдаттардың  кебінін?!

 

Қара  жерде  қаптап  кетті  мүскіндер.

Сұлулық  не? 

О,  Сұлулық  түс,  мүлде,

Аруларым  аярлана  қарайды –

Тәнін  жапқан  лыпы  да  жоқ  үстінде...

 

Жалғыз  еркек  тумады  ма  жау  алар,

Кім  бар  енді  жан  жарасын  дауалар?

Тас  дәуірі  күтіп  тұр  ма  тағы  да,

Тыр  жалаңаш  Адам  Ата – Хауалар?!!!

 

Адыра  қап  адалдығың,  пәктігің,

Жұрт  жабайы -  жаралғандай  тап  бүгін.

Махаббатпен  майдандасып  жүр  әне,

«Секс» деген  жауынгері  нәпсінің.

 

Ашылған  соң  арамзаның  араны,

Басымызға  күн  туды  ма,  қаралы?

Жалғыз  еді  Робинзон  Крузо,

Қаптап  жүрген...  мынау  кімнің  аралы?!!!