Мұнан  гөрі  періште  едім  ол  кезде,

Әлем  нұры  құйылатын  қойкөзге.

Күндіз-түні  Одиссейді  оқыдым,

Түсіме  де  еніп  жүрді  сол  кезбе.

 

Мөлдіреген  көздерімнің  жасымен,

Сол  кітапты  мың  жауып,

                                           мың  ашып  ем.

Өзім  нақақ  болған  соң  ба,  әйтеуір

Пәк  нәрсенің  бәріне  мен  ғашық  ем.

 

...Ауыл  қалды  сонау  алыс  белеңде,

Менің  жаным –

Өмір  жайлы  өлеңде.

Одиссейлер  жөнелген  сол  жолменен,

Cапар  шектім Жиделіден  –

Өлеңге...

 

Жырым  менің – арым,  барым,  балам  да,

Туған  жерім  жорып  жүрме  жаманға.

Мен  жырыма  орап  алып  өзіңді,

Алып  барам  ғаламға!

 

Намыстанбай  көр  мүлде;

Парижің  тұр,

Римің  тұр  «өрмін»- деп.

Бәріне  де  барам  туған  жерімнің,

Бәрінен  де  биіктігін  көргім  кеп.

 

Пәк  тәнімді  қорғап  қарғыс,  қорлықтан,

Кешір  мені  оралмасам  сол  жұрттан.

Ауылдарда  туып  ылғи  ақындар,

Париждерде  өлетіні  сондықтан!

 

 

             ***

 

Жамиғатты  шомылдырып  ойларға,

Жырларымды  оқыдым  көп  тойларда.

Поэзия  дейтін  сұлу  періште,

Аруларды  еліктірмей  қойған  ба?

 

Назды  жырдай  ақындардың  мінезі,

Арулардың  жүрегінде  түнеді.

Ал  біреулер  мысқыл  көзбен  қарайды,

--«Абай  болам  деп  жүрген  бұл  кім  өзі»

 

Мен  құлын-тай,  жаңа  ұмтылған  сөреге,

Аспандағы  алыптарға  теңеме.

Абайға  да  сенбегендер,  бірақта,

Қайдағы  бір  Қасымханға  сене  ме?!

 

Олар  кеуде  керіп  асқақ  сөйлейді...

«Жүре  берсін,  аспан  асты  кең,  мейлі.»

Өзі  пері  болғаннан  соң,  пенделер,

Періште  бар  дегенге  де  сенбейді.

 

Тағдыр  жолы  емес  біздер  күткендей,

Ақырғы  адым,

Ақырғы  дем  біткенде, --

Сенбей  ерлік,  сұлулық  бар  дегенге,

Олар  да  өліп  кетеді-ау  түк  көрмей!

           

 

 

                  ***

 

Жылжымайтын  уақыт  жас  шағымда.

Арман  жүзіп  жүретін  аспанымда.

Кім  ойлаған  сондағы  өндір  өмір,

Өтетінін  білдірмей,  қас-қағымда.

 

Ойлатпады  жігіттік  дара  басты,

Аламанға  әпсәтте  араласты.

Сәйгүлікке  айналып-тұғыр  тірлік,

Ауыздықпен  алысып  ала  қашты.

 

Топан-тірлік  тасыды  жырып  арна,

\Жүріс  суыт,  көшіңді  жығып  алма\.

Үлгірмеймін  қазір  түк,

                                  бұл  уақыт

Кетті  білем  айналып  зымыранға.