Балалық  шағым, 

Сезімнен  елтіп,  ес  кеткен,

Маздаған,  мұңсыз  шат  күнім.

Муза  қып  алғам  мектепте,

Кластас  қыздың  пәктігін.

 

Көзінің  мөлдір,  тереңін

Еш  қыздан  көре  алмағам.

Жазылды  тұңғыш  өлеңім,

Зағира  қызға  арнаған.

 

--«Зағира – жүрек,

                         екеуміз,

Сезімдер  бүлік  салғанда,

Кеудеден  шығып  кетерміз,

Жолығу  үшін  Арманда.

 

Сөзіме  сенші,  жұмбақ –қыз,

Біз – ғаламдағы  ғажаппыз.

Бір  жырда  екі  шумақпыз,

Бір  құста  екі  қанатпыз.

 

Сезімнің  жүгін  көтеріп,

Шығайық  шырқап  заңғарға.

Зағира –жүрек,

                      кетейік,

Шақырып  тұрмын  Арманға!.»

 

Жазылды  солай  жыр  жалғыз,

Жүрегім  шалқып  айтады  ән.

Жұлдыздан  жалқы  туған  қыз,

Жолықпас  маған  қайтадан.

 

Жырақтан  бақыт  күткен  бе,

Сағыныш  құйып  санама,

Көктемде,

Сабақ  біткенде,

Ұшты  да  кетті  қалаға.

 

Махаббат  маған  дерт  екті,

Асқынып  кетті  бұл  қайғым.

Ғашықтар  жәйлі  ертекті,

Егіліп  тұрып  тыңдаймын.

 

Жырларым,  сақтал  сен  есте,

Құшағын  гүлге  ашқызып,

Қартайса  сол  қыз  елестет,

Елестет  көзге  жастығын.

 

Айт  оған  арман –назын  да,

Ақынның  зарын  айт  оған;

Мұндай  жыр  қайта  жазылмас,

Жаралмас  ол  да  қайтадан.

 

Он  сегіздегі  жанымды,

Жүргенде  жанып  берішке,

«Жыр  оқышы» -деп  жалынды,

Қиылып  күллі  періште.

 

Оқыдым  көзге  тұнып  мұң,

Тең  келмес  Күнің,  Айың  да,

Арманы  ақын  жігіттің,

Зағира  ару  жайында.

 

Күрсінді  қыздар,  әріден

Түрткілеп  ойлар  не  түрлі.

Зағира  бейне  бәрінен,

Бәрінен  сұлу  секілді.

 

Жас  тұнған  қара  көздерін,

Белгісіз  бір  мұң  мекендеп.

Дәл  осы  қыздай,

                      өздерін,

Бір  ақын  сүйсе  екен  деп.

 

Жас  қыздар  тынып  амалсыз,

Өртенді  жаны  ұятты;

Ақындар  жырламаған  қыз,

Ару  да  емес  сияқты?!.

 

Жігіттер  тұрды  мақұлдап;

«Қаршығаң  қолға  қонсын-деп,-

Ылайық  сендей  ақынға,

Осындай  жарың  болсын»-деп

 

Жүректе  бөлек  маздар  нұр,

Сұлулар  тәнті  әлі  де.

Жат  қызға  арнап  жазған  жыр,

Сүйікті  етті  бәріне.

 

Өлеңде  сиқыр  қызу  бар,

Ханыша  қанға  таратқан;

...Көздерін  жұмып  сұлулар,

Жұтады  мөлдір  шараптан...

 

Жиырма  бестегі  жанымды,

Жүргенде  жанып  берішке.

«Жыр  оқышы»-деп  жалынды,

Қиылып  күллі  періште.

 

Оқимын  көзге  тұнып  мұң,

Тең  келмес  Күнің,  Айың  да,

Арманы  ақын  жігіттің,

Зағира  ару  жайында.

 

Зағира  жайлы  жырларға,

Көп  менің  қарыз,  борышым.

Жанымды  ұғып,

Қыздар  да

Сүйеді  мені  сол  үшін.

 

 

 

                ***

 

Абай,

Блок,

Есенин...

Ұлы  ақындар!

Жырларында  менің  де  мұратым  бар.

Ұлы  ақындар,--

Аспанымда  жұлдыз  боп  тұратындар,

Күннің  тілін,  гүл  тілін  ұғатындар...

 

Өрлік  оты  ұшқындап  көздеріңнен,

Сөйлейсіңдер  бір  тілде  өзге  мүлдем.

Ғасырларды

Өздеріңмен  өмірге  бірге  әкеліп,

Бірге  алып  кеттіңдер

Өздеріңмен...

 

Әр  ғасырдың  қалаған  негіздерін,

Ақындар  мен  ғасырлар  егіздейін.

Тозаң  басып  қалыпты-ау  тегі  іздерін,

Кеткен  ұшып  келмеске,  нені  іздейін.

Ғасырымен  өмірге  бірге  келіп,

Бірге  кетті  өмірден  егіздейін.

 

Жырларымды  қабыл  ал,

Мен  де  өзімді,

Дәуірінің  жетімі  дегізбейін.