Жаныма  жараспай  бір  пендешілік,

Кетпедім  елден  қашып,  көрге  сіңіп.

Хан  тақтан  тайған  кезде  ғұмыр  кештім,

Құл  біткен  босағадан  төрге  шығып.

 

Алаш  та  Абылайсыз  күн  көреді,

Атам  мен  аталы  сөз  бірге  өледі.

...Сақалын  жанарының  жасы  жапқан,

Бұқар  кеп  оятады  түнде  мені.

 

«Қой – дейді – бұ  заманды  ұға  ма  адам,

Білімсіз  мыңды  жалғыз  жыға  ма  адам?.

Жауына  төтеп  берген  атаң  Қазақ,

Дауына  ағайынның  шыдамаған.

Тексізі  төрге  шығып,

                                   малдас  құрып,

Тектісі  босағадан  сығалаған...»

 

Көшті  ме  көші  салт  пен  үрдісімнің,

Керуенін  сан  ұзатып  жыл  құсының.

Тектімді  тырқыратып  қуып  шығып,

Төрімді  құлақ  кесті  құлға  ұсындым!

 

Көппенен  көңіл  бірге,  күйім  егіз,

Жүзінен  шуақ  көрсек  сүйінеміз.

Жалғанда  құл  билеген  жаман  екен,

Дүрлігіп  кете  барды  дүниеміз.

 

Жақсысын  көздеріне  ілмей  халық

Аяққа  аяулысын  жүндей  ме  алып?

Отыр  ғой  ұлы  құл  боп,  қызы  күң  боп,

Құлға  да  құл  керегін  білмей  қалып!

 

Құл  емес  оның  дағы  құр  атағы,

Кеудені  керіп  ұстау – күнә  тағы.

Тұрады  құдай  болсаң  құртқысы  кеп,

Құл  шіркін  құлды  ғана  ұнатады...

 

Жаудан  да  шегінбеген,

                                       майдандасып,

Өр  жаным  өмір  бойы  сайрандасын.

Жарамай  пұл  болуға  төмен  түсті,

Тумаған  құл  болуға  қайран  басым...

 

Осы  ма  қолда  бары,

Сол  ма  бәрі?!

Көз  жасым  күнде  неге  сорғалады.

Жақсылар  не  десе  де  көтерер  ем,

Жаманның  қиын  боп  тұр  қорлағаны.

 

Несіне  мен  жетісіп  сайрап  жүрмін,

Қайда  әлгі  серілігім,  сайран  жылым?

Тектілер  дүр  сілкініп  төрге  озғанда,

Тексізбен  өтесің –ау,  қайран  күнім!

 

Өзге  емес  өзімді - өзім  мазақ  етем,

Ғаламның  бір  жұмбағы  Қазақ  екен;

Төріне  құлақ  кесті  құл  шығарған,

Ұлыстың  көрген  күні  азап  екен!

 

Жүргенше  жүзім  күйіп  осы  арада,

Өлейін  Төлегендей  қос  обада.

Төрдегі  құлға  барып  ұстата  сал,

Басымды  жатқан  анау  босағада!

 

 

 

           ***

 

Асан  Қайғы  іздері,--

Ата  қазақ  қонысы.

Жер  ұйығын  іздеді,

Алаш  екен  онысы.

 

Ақтамберді,  Шалкиіз,

Бұхар  жырау,  Қазтуған...

Атам  қазақ  ұлдарын,

Аз  туса  да – саз  туған!

 

Көшуге  ерен  құлқы  бар,

Ұлылық  бар  ұлтымда.

Көсем  болар  ұл  туар –

Көшпенділер  жұртында!

 

Мал –жанымның  оты  үшін,

Шарла  көшім,  шалғында.

Еуропа  отырсын –

Есігіңнің  алдында!

 

Қайда  көшсең –адаспан,

Ерем  саған  қорланбай.

Абай  туған  Алаштан,

Алла  туса  болғандай!